Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақы мен ең төменгі зейнетақыны ұлғайту мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Сондықтан оларды «Бюджетті халықтан қорғау министрлігі» деп атау керек. Осылай деген депутат Ерлан Смайлов бұл мәселенің өзекті екенін жеткізді. Келесі жылдан бастап жәрдемақы мен зейнетақы көлемі қанша пайызға өседі?

Жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерін арттыру керек. Себебі, мемлекеттен берілетін қаржы ел азаматтарының нақты қажеттілігіне сай келмейді. Осылай деген мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін сынға алды.

Айтуынша, министрлік жаңа жылдан бастап төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мыңға, ал жәрдемақы мен зейнетақының бағасын небәрі 5 пайызға ғана көтеруді жоспарлап отыр екен.

Ерлан Смайлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында министрлік әлеуметтік жәрдемақының барлық түрін 2022 жылдың 1 қаңтардан бастап 5 процентке арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұл көлем инфляцияның статистикалық өсімі түгілі, азық-түлік пен киімнің, түрлі қызметтер мен тариф бағасының шығынын жаппайды. Сондықтан жәрдемақының бағасын еселеп көтеру керек».

Депутаттың айтуынша жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері қазақстандықтардың сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайды.

Мәселен, қазіргі таңда мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінің ең жоғарысы 69 155 теңгені құрайды. Ал бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне ай сайын көп дегенде 27 261 теңге ғана төленеді. Ол да төрт баладан жоғары жанұяларға ғана беріледі.

Ерлан Смайлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін ұстанымда отырғаны алаңдатады. Халықты қорғау, үкімет алдына проблемалық мәселелерді көтеру жөніндегі белсенді ұстанымның орнына бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігіне сілтеме жасайды. Тиісті министрлік қарапайым қауымға айналды және халықты қорғаудағы өз миссиясының идеологиясы мен түсінігін баяғыда жоғалтты деп есептейміз. Оны «Бюджетті халықтан қорғау министрлігі» деп атау керек».

Сондай-ақ, халық халаулысы депуттаттық сауалында баланың өмірлік, физиологиялық, білім беру, әлеуметтік, мәдени және спорттық қажеттіліктерін қанағаттандыратын тұтыну қоржынын әзірлеуді және енгізуді ұсынды.

                                                                                             Мөлдір Ибадуллаева