Дубайда «Шымкент күндері» өтуде

144

Әлемді өзіне қаратқан Дубайда Халықаралық ЭКСПО 2020 көрмесі жалғасуда. Қазіргі таңда, көрмедегі Қазақстан павильонында «Шымкент күндері» өтіп жатыр. Шымкент Араб Әмірлігіндегі жұртшылықты несімен таң қалдырды? Жалпы көрме аясындағы қала күндері қалай өтуде?

Дубайда өтіп жатқан EXPO-2020 көрмесіндегі қазақстандық павильонда «Шымкент күндері» басталды. Аталған іс-шараның ашылғанына осымен үшінші күн. Алғашқы тәуліктен -ақ, павильонды тамашалауға 5 мыңнан астам адам келген. Қонақтар ұлттық тағамымыздан дәм татып, Қазақстан тарихынан хабардар болды. Сондай-ақ, көрмеде отандық эстрада жұлдыздары ән шырқап, ұлттық биіміз көпшілік назарына ұсынылды.

«Шымкент күндері» кезеңін тамашалауға келген туристері арасында, қонақжай қаланы көріп тамашалау мүмкіндігін беретін жолдама ойнатылды. Ұтыс келушілер арасындағы польшалық азаматқа бұйырды. Бағы жанған азаматқа жолдаманы қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан табыстады.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Шетелдіктер үшін Шымкент қаласына ұтыс ойынын ойнаттық. Әр елден жиырмаға жуық адам қатысты. Польша азаматы жеңіске жетті. Біз оған сертификат табыс еттік. Шетелдіктердің Шымкентке келуі қызықты болады деп сенеміз. Жергілікті гастрономиямен танысыңыз және ләззат алыңыз. Жалпы, туристер ағыны жыл сайын артып келеді».

Шымқаламызға жолдама ұтып алған польшалық азамат, дәл бұлай ұтысты иеленемін деп ойламаған көрінеді. Ол қаламызға алдағы уақытта міндетті түрде келетінін айтып, ерекше қуанышын жеткізді.

Адриан Петровски, Польша азаматы «Қазақстандықтарды осылай қарсы алады деп күтпеген едім, бұл өте қызықты болды. Мен алдымен сіздердің тағамдарыңыздан ауыз тидім, өте дәмді болды. Сосын павильонға баруды жөн көрдім, міне, ұтыс ойнатылып жатыр, жеңемін деп те ойламадым. Болды, енді Шымкентке гастрольдік сапарға дайындалып жатырмын».

Эксподағы «Шымкент күндері» әлі де жалғасуда. Көрме қонақтарының қатарында БАӘ, АҚШ, Германия инвесторлары бар. Олар алдағы уақытта қаламызға келіп, үшінші мегаполис туралы көбірек білуді жоспарлап отырған көрінеді.

Аида Қарсыбайқызы