Халқымыздың ардақты ақындарының бірі, талантты лирик, ғажап аудармашы, білікті әдебиетші, қаламы жүйрік журналист, қазақ поэзиясының көрнекті көркемсөз шеберлерінің бірі – Ғали Орманов жер жаннаты – Жетісу өлкесінде, қазіргі Алматы облысының Қапал ауданына қарасты Ешкіөлмес тауының бауырында дүниеге келген.
Қазақ әдебиетіне 20-жылдардың соңғы ширегінде келген, қазақ поэзиясының қалыптасуына, дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі. Орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласында да біршама үлес қосып, ірі жұмыстарды игерді. Жамбыл Жабаевқа 1939-1945 жылдар аралығында әдеби хатшылық қызмет атқарған. Ол – жан сырларын, табиғат сипаттарын суреттеген, лирикалық жырларын азаматтық әуендермен тоғыстыра білген толымды ақын. Көптеген өлеңдер жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктердің авторы атанды.
1938-1945 жылдары Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған ақын Ғали Ормановтың латын қарпімен жазылған күнделігі табылды. Ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлының сөзінше, күнделік шамамен 1939 жылы жазылған.
«Күнделік латын әліпбиімен жазылған. Сол күйі сақталып, жазуы өзгермеген. Бүгінде сол күнделік жазылған әліпбиді білетін адамдар аз екен. Сондықтан күнделікті жаңартып қойдық. Алдағы уақытта аударуға береміз. Күнделіктің мазмұны бойынша Жамбыл атамызға кімдер келген, қандай мәселелер талқыланған деген секілді мәлімет көрсетілген. Күнделік ешқайда жарық көрмеді. Сондықтан Жамбыл атамыздың шығармашылығын зерттеуге септігін тигізеді деп ойлаймын», — деді ол.
Күнделікті Ғали Ормановтың жары Айтбала Орманова сақтаған. Кейіннен қолдан қолға өтіп, күнделік осы күнге жеткен. Бүгінде күнделік атамыздың қызы Жамиға Ғалиқызына табысталды.
«Елордада атамыздың атына арнап мектеп берілген. 2007 жылдан бері аталған мектептің алдына бюст орнату мәселесі көтеріліп келеді. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов болып тұрған кезінде бюджеттен Ғали Ормановтың бюстін орнату мәселесі бекітілген де болатын. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін мектептің алдына бюст әлі орнатылмады. Осы мәселені Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов назарына алса екен», — деп түйіндеді сөзін А. Қырықбайұлы.
Айта кетейік, Ғ. Орманов қырғыз эпосы «Манастың» 1-кітабын, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Ян Райнистің, Ф.Мақтымқұлының бірқатар поэмаларын, Н.В. Гогольдің «Нева проспектісі» повесін, А.П. Чеховтың әңгімелерін, М.Тұрсын-Заденің «Үндістан балладалары» өлең кітабын, Л.Н. Толстойдың «Анна Каренина» романын қазақ тіліне аударды.
Алдағы уақытта Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Ғ. Орманов аударған Л.Н. Толстойдың «Анна Каренина» романының 2 томдығы жарық көреді.