Кез-келген мемлекеттік қызметші туралы толық ақпарат, яғни білімі, қайда қызмет ететіні, отбасы жағдайы, марапаттары мен жауапкершілікке тартылғаны және тағы басқа жеке мәліметтерден бөлек, мемлекеттік мекемеге қашан кіріп, қашан шыққанына дейін толық ақпаратты «Е-қызмет» жүйесінен біле аламыз.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы аудан әкімдері мен басқарма басшыларын бас қосқан жиында айтты.
Қала әкімі аталған жүйенің қалыпты жағдайда жұмыс істеуі және тұрақты жаңартылып отыруын ерекше ескертті.
Мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттарына арналған басқосуда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаментінің басшылығы Президент Әкімшілігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бақылауындағы негізгі көрсеткіштерді қамтитын тапсырмалардың орындалу барысы жайлы баяндады.
«Е-қызмет» ақпараттық жүйесінен бөлек, мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасы мен мерзімі, таза ауысымдылық, кадр тұрақтылығы мен командалық ауысу мәселелері, мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе бірінші басшылардың этикасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның жіті бақылауында екенін атап өтті.
Жанерке Хумар