Пара алып ұсталғандардың қатарында шымкенттік шенуніктер де бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің өкілдері арнайы операция жүргізді. Қазіргі таңда атқамінерлер ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қомақты субсидияны жымқырды деген күдікке ілініп отыр.
Елордалық жемқорлықпен күресушілер ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырған 30-ға жуық шенеунікті ұстады. Сондай-ақ, олар кәсіпкерлерден тұрақты түрде пара мен сыйақы алудың сыбайлас жемқорлық схемасын құрғаны анықталды. Белгілі болғандай, ұсталған шенеуніктердің басым бөлігі өз кінәсін мойындап жатыр.
Шыңғыс Алекешев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының көмекшісі: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы ауқымды операциясы нәтижесінде ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты бөлімшелер мен ұйымдардың сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары, Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары, ШҚО ,БҚО, Атырау және Ақтөбе облыстарының әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топ әшкереленді».
Ал Шымкент қаласы мен Түркістан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі ұсталған мемлекеттік қызметкердің кім екенін және қандай жұмыс істейтіні айтудан бас тартты. Ал тергеу аясында ақпарат толық жария етілмейді екен.
Шыңғыс Алекешев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының көмекшісі: «Қатысы бар адамдар анықталды. Олардың көпшілігі қазіргі уақытта толықтай кіналарын мойындап, ынтымақтасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді. Қосымша толығырақ хабарланатын болады».
Шымкент қаласының әкімдігі де бізге кімнің ұсталғандығы туралы мәлімет берген жоқ. Тек субсидияларға 3 млрд. 620,6 млн. теңге бөлінгені белгілі. Қаражат мал шаруашылығына, өңдеу саласына, өсімдік шаруашылығына және басқа да салаларына бағытталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен БАҚ өкілдері бұл сома миллиард доллар екенін айтып отыр. Ал ұсталғандардың алдағы тағдырын тергеу мен сот шешеді.
Мөлдір Ибадуллаева