Полицейлер 5-қабаттан секірмекші болған ер адамды құтқарып қалды

124

 

Түркістан қалалық Полиция басқармасына түнгі сағат 02:00 шамасында жергілікті тұрғын хабарласып, көрші әйелге көмек қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, көпқабатты тұрғын үйде көрші болып тұратын ерлі-зайыптылардың арасында кикілжің пайда болып, әйелге қысым көрсетілуде екен. Ақпаратты алысымен оқиға орнына шұғыл патрульдік полицияның экипажы шығып, тез арада іске кірісті.

Отбасылық жанжал болып жатқан үйдің отағасы есікті ашудан бас тартқан соң, сол аймаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторлары полиция капитандары Төребек Омаров пен Сәден Серібаевтар, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері де жетті. Алайда полицейлердің келгеніне ашуланған ер адам, айтқанынан қайтпайды.

Яғни есікті ашпайды. Ал ішкі жақтан әйелдің көмектесіңдер деген дауысы шығып жатты. Содан соң полицейлер есікті бұзып кіруден басқа жол жоғын айтқанда, үй иесі 5-қабаттағы балконынан секіріп кететінін айтады. Жағдай адам өміріне байланысты болғандықтан тәртіп сақшылары уақыт жоғалтпай, шұғыл әрекет етті.

ТО ПД арнайы мақсаттағы 4 бірдей бөлініс қызметкерлері шақыртылды. Олар көпқабатты үйдің сызбасымен жақсылап танысып алып, барлық әрекеттерді жоспарлады. Аталған 4 полицейдің екеуі үйдің есігінің алдында есікті ашуға дайындалып тұрса, тағы екеуі арнайы әкелген құрал-саймандарымен көпқабатты пәтердің шатырына шықты. Шатырда орналасқан мұржаға биіктіктен түсуге арналған жіптерін мықтылап байлаған полицейлер, жауынгерлік күрес-тәсілдерін пайдаланып, қажетті құрылғымен балконға секіріп түсті.

Осылайша полицейлер бірмезгілде жедел әрекет ете алды. Содан кейін үйде шу шығарып, өзін өлтіруге бекінген ер адамды ұстап, құтқарып қалды. Тәртіп сақшылары қырағылықтары мен кәсіби шеберліктері арқасында адам өмірін аман сақтап, отбасы тыныштығын қамтамасыз етті. Ал ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ҚР Заңына сәйкес Түркістан қаласы тұрғынының жұбайына қатысты оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін қорғау нұсқамасына алынды.

Өз кезегінде көршілері полицейлерге алғыстарын білдірді. «Адам өмірін сақтап қалдыңыздар. Қорғаушы бола білдіңіздер. Сіздердің батырлықтарыңызға басымызды иеміз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!»-деді ағынан жарылып.

Түркістан облысы полицейлері тұрғындар мен қонақтарға, балалары мен жақындарына сақ болуды, оларды түрлі жаман ойлардан, өз-өзіне қол жұмсаудан аулақ болуға шақырады. Осындай жағдайлар орын алған сәтте, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіздер.