2021 жылдың 18-қарашасында, таңғы сағат 8.00 шамасында Республика даңғылы мен Гагарин көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған өткелден өтіп бара жатқан қала тұрғыны өзін нашар сезініп, есінен танып құлап қалған.
Аталған жайт Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына түскен. Бұл сәтті орталықтың қызметкерлері сол мезет көріп, шұғыл кезекші бөлім арқылы тиісті әкімшілік аумақта патрульде тұрған тәртіп сақшыларына нұсқама берілді.
Патрульдік полиция полкінің 10-рота инспекторлары полиция капитаны Б.Тажибаев пен полиция аға лейтенанты М.Есенбеков алған хабарламаға сәйкес, дереу азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Одан соң, тәртіп сақшылары «103» телефоны арқылы жедел жәрдем қызметін шақырған.
Патрульдік полиция полкінің инспекторы полиция капитаны Б.Тажибаевтың айтуынша, экипаж патрульдерінің кезекшілікке түсер алдында алатын басты тапсырмалары – адамдарға көмек көрсетуден басталады.
Айта кететін ақпарат, тәртіп сақшылары тәуліктің кез келген уақытында қызметтік міндеттеріне немқұрайлық танытпай, жедел түрде көмектерін көрсетіп, заңға сай қызметтерін атқарып келеді.