Шымкентте мектеп оқушылары және ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған «Білімге жол» интеллектуалдық марафоны өтті. Бұл байқау «Асыл бала» республикалық ассоциациясының мегаполисте ұйымдастырған кезекті шарасы. Іс-шара «Инклюзивті қоғам құруға және дамытуға бағытталған жастар бастамаларын қолдау» жобасы аясында өтті.

Зияткерлік марафонға қатысушылар өздерін осылай таныстырды. Байқауға қаланың 10 мектебінің командалары қатысуда. 2-сынып оқушысы Әмина Оразәлі мұндай ауқымды мерекеге алғаш рет қатысып отыр. Дайындықтың арқасында жеңіске жететіне сенімді.

Әмина Оразәлі, «Білімге жол»зиятркелік марафонының қатысушысы: «Марафонға қатысып жатырмыз, барлығына жеңіс тілеймін».

«Білімге жол» марафоны мектеп бағдарламасының математика, әдебиет, жаратылыстану, тарих және де өзін-өзі тану пәндері бойынша оқу бағдарламасындағы тапсырмаларды қамтыған. Сондай-ақ, қатысушылар, яғни бастауыш сынып оқушылары жалпы 9 секциядан сынақтан өтіп, логикалық есептер шығарып, өз өнерлерін көрсетеді.

«Инклюзивті қоғам құру мен дамытуға бағытталған жастар бастамаларын қолдау» жобасы аясында өтіп жатқан шараға ерекще балалар да қатысуда.

Ләззат Жаршиева, №18 мектептің мұғалімі: «10 баланың 7 -і қатысуда. Ерекше балалар нәзіктеу. Қуанып жатырмыз Олар осындай шараларға қатысса өз қатарларымен тіл табысуға ашылады».

Республикалық «Асыл бала» ассоциациясы «Білімге жол» интеллектуалдық марафонын алты жыл бойы өткізіп келеді. Үздік командалар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында бас қосты.

Биыл ұйымдастырушылар байқауды Шымкентте өткізуді ұйғарыпты. Жобаның бас менеджері ассоциация ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қоғамда табысты әлеуметтенуіне бағытталған жалпы білім беру зияткерлік іс-әрекеттеріне қатысу үшін жағдай жасай алды деп есептейді.

Гүлмира Бурашева, жобаның бас менеджері, «Асыл бала» мектебінің директоры: «10 команданың үздігі дипломмен және барлық қатысушылар мақтау алғыс хаттарымен марапатталады».

Мерекеде балалар білімдерін шыңдап қана қоймай  түрлі қызықты ойындар ойнады. Шынында да, бұл жаста ең бастысы – достарына деген ықыласын білдіріп, бір біріне қолдау көрсету.

Шынар Оразова