Сығымдалған газ бағасына тоқтам бар ма? Оны ешкім кесіп айта алмай отыр. Шымкенттік тұтынушыға бүгінде бұл отынның түрі 100 бен 110 теңге ұсынылуда. бағасы жанармаймен теңесіп жатса, оған да таң қалмаймыз дейді бекет қызметкерлері.
Сығымдалған газдың қоры Шымкентте жеткілікті, алайда оның бағасы әр-қилы, бірқатар жағармай бекеттерінде көтерілген. Әсіресе, ірі жанар-жағармай бекеттерінде.
Бақдәулет, жанар-жағармай бекетінің қызметкері: «Ия, кеше 105 теңгеден литрін сатқан едік, бүгін 110 теңгеден босатып жатырмыз. 5 теңгеге қымбаттады».
Ал мына жағармай бекетінде сығымдалған газдың бағасы 103 теңге. Мұндағылар бағаны өткен айдың соңында көтеріп үлгерген екен.
Азамат Ешматов, жанар-жағармай бекетінің қызметкері: «103 теңгеден сатып жатырмыз. 26 қазанға дейін 98 теңгеден сатқанбыз. Былтырдан бері алдын 40-50 теңге еді, жаңа жылға дейін, сосын қаңтардан бастап біртіндеп көтеріліп, енді міне 103 теңгеге бірақ жетті».
«Сығымдалған газдың бағасы бұлай шарықтай берсе бензинмен теңеспесіне кім кепіл? Осы болжам расталса біз не істейміз»,- дейді шымкенттік жүргізуші Ерлан Бексаидов.
Ерлан Бексаидов, жүргізуші: «Көлігіме сығымдалған газ құямын. Былтырдан бері баға екі есе өсті. Осы қарқын жалғасса бензиннің бағасына жетеді. Сонда біз не істейміз? Экологиялық таза, арзан деп осы отынға көшкен едім. Не істерімді білмеймін».
Өзге өңірлерге қарағанда, шаһарда сығымдалған газ тапшылығы байқалмайды. Айта кетейік, Қазақстанда 4 млн. жеңіл автокөліктің 10 пайызы газды пайдаланады екен.
Шынар Оразова