Шымкентте жүрек алмастыру отасы жасалмақ. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді. Статистикаға сүйенсек, жүрек трансплантациясын қажет ететін адамдардың 30-40 пайызы оңтүстіктің тұрғыны екен. Бұған дейін тек Нұр-Сұлтан қаласында жасалған операцияға үшінші мегаполис дәрігерлері дайын ба? Кімдер донор бола алады?
56 жастағы Қанат Абдрахманов алғашқылардың бірі болып жүрегін ауыстырған азамат. 5 жыл бойы үш келілік қосымша аппарат арқылы өмір сүрген ол 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында ота жасатқан. Бүгінде 25 жасар жігіттің жүрегімен жүрген ер адам мұндай отадан қорқудың қажеті жоқ дейді. Сондай-ақ, трансплантацияны қажет ететін науқастарды дәрігерге сенім артуға шақырды.
Қанат Әбдірахманов,Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: «Мен ауырғанға дейін өте белсенді болғам, көп жұмыс істейтін едім. Ал жүрегім сыр бере бастаған кезде мен өзімді өте нашар сезінетін болдым. Тіпті спортпен де айналыспай қойдым. Шынымды айтсам, не істерімді білмедім. Содан маған операция жасалды, алғашында аппаратпен жүрдім. Сосын трансплантация жасаған соң мен өзімді бұрынғыдай сезіне бастадым. Тіпті операциядан кейін шамамен 2 айда жұмысқа шықтым. Сондықтан мүлдем қорықпау қажет».
Жүрек ауыстыру отасы енді Үшінші мегаполисте де жасалады. Осылай деген Шымкенттің бас дәрігері кез-келген дамыған елде медицинаның көрсеткіші трансплантациямен өлшенетінін жеткізді. Бұл операцияның маңыздылығын атап өткен Бақытжан Позилов оған барлық жағынан сақадай сай болуымыз керек деді. Ал бұған дейін тек Нұр-Сұлтан қаласында жасалған ота арқылы 84 жүрек алмастырылған.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Ғылыми зерттеу инситутында кезекте тұрған, күту парағында тұрған азаматтардың 30-40 пайызы ол осы Оңтүстік өңірінің азаматтары екен. Олар неге сол операцияны өзімізде жасамасқа деген ойменен біз қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Әрине бұл оңай емес. Қиын шаруа. Оған біріншіден мамандарымыз дайын болуы керек. Техникалық базамыз дайын болу керек. Ол тек техникалық түрде операция жасап қою емес. Науқастың әрі қарай өмір сүріп кетуіне кепілдік беріп жұмыс жасауымыз керек».
Бүгінгі таңда елімізде 3,5 мың адам трансплантацияны қажет етеді. Жыл сайын мұндай ота күту парағында тұрған 270-ке жуық адам көз жұмады екен. Оның басты себебі донордың жетіспеушілігі дейді сала жауаптылары. Сондықтан қазір мәйіттік донордың түрін дамытуымыз керек. Егер қайтыс болған бір адамның органдарын алатын болса, оған мұқтаж 7 азаматтың өмірін сақтап қалуға болады екен.
Сәуле Шайсұлтанова, Трансплантация бойынша үйлестіруші: «Жүректі мәйіттік донордан ауыстырады. Мәйіттік донор дегеніміз ми өлімі диагнозы қойылады. Ол адамның өлімімен тең болып саналады. Бұл кезде ми өлімі реанимация жағдайында қойылады. Бірақ пациенттер механикалық қолдауда болады. Ол кезде ИВЛ-да өкпесінің жасанды желдету өткізіліп жатады. Және жүрегінің қызметін дәрілер арқылы қолдап отырамыз».
Трансплантация жасау үшін қайтыс болған донордың туысқандарынан рұқсат алынады. Сондай-ақ, әрбір Қазақстан тұрғыны егов қосымшасы арқылы кез-келген уақыттта донор болуға келісім беруге немесе керісінше қарсы екенін білдіруіне болады. Алайда бүгінде 19 млн. халықтың тек 15 мыңы ғана бұл мүмкіндікті пайдаланған.
Мөлдір Ибадуллаева