Түркістандық дәрігерлер 97 жастағы әжейге күрделі ота жасады

41

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 97 жастағы кейуанаға күрделі ота жасалды. Мамандар қарияның өмірін аман алып қалу үшін шұғыл түрде жасалған ота барысында, өтте толып қалған тасты хирургиялық жолмен алып шыққан. Науқастың қазіргі жағдайы жақсы…

Бір ғасырға жуық өмір сүрген шымкенттік Зағаш Күлбаеваның денсаулық жағдайын дәрігерлер күнделікті тексеріп тұрады. Ауыр отаны бастан өткергені болмаса әжейдің қимылы – ширақ, әлі де өзін тың әрі бақуатты сезінеді. Бес жыл алдын басталған ауруы асқынып, қатты мазасызданғандықтан әжей операцияға бірден келісіпті.

Зағаш Кулбаева: «Ауруым қатты мазалап, отаға бірден келістім. Келген күннен бастап укол тоқтамай салды. Бірінші Аллаға, екінші дәрігерлерге, үшінші бала-шағама рахмет айтамын».

Зағаш Күлбаеваға күрделі отаны Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Елдос Сұлтановтың өзі жасаған. Операция кезінде мамандар науқастың өтін бөгде заттардан тазартып, түтікше орнатқан. Науқастың жасы егде тартқандықтан, ота біраз күрделенген. Әдетте мұндай жаста ашық отаны жасаудың өзі қауіпті дейді мамандар.

Ота күрделі болғанымен, асқынусыз өтті дейді мамандар. 97 жастағы Зағаш әжейді дәрігерлер апта соңында үйіне шығаруда жоспарлап отыр.

Лаура Нахыпқызы