Түрмеде жазасын өтеп жатқан мың адам бостандыққа шығады. Сондай-ақ, 7 мыңнан аса сотты болғандардың мерзімі қысқартылады. Бұл туралы Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
Тәуелсіздікдің 30 жылдығына орай әзірленген бұл заң жобасы қоғамға қауіп төндірмейтін азаматтарға қолданылады екен. Сондай-ақ, ҚР Ішкі істер министрі Түркістан облысында орын алған жаға ұстатарлық жағдайға қатысты да пікір білдірді.
Биыл Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай түрмеде жазасын өтеп жатқан он үш мыңнан аса азаматқа рақымшылық жасалады. Яғни, бұған дейін темір торға тоғытылғандардың бірі бостандыққа шықса, енді бірінің жаза өтеу мерзімі қысқартылады. Осылай деген ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша бұл заң жобасы қоғамға қауіп төндірмейтін азаматтарға ғана қолданылады екен.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: «Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасы мемлекеттік органдар өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланды. Ғылыми құқықтық сараптамалар жасалынды».
Бүгінде ел бойынша 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында отыз төрт мың адам бар. Оның отыз мыңына сот үкімі шыққан. Ал қалған 4 мыңы тергеуде. Сондай-ақ, министрдің айтуынша жазасын өтеушілердің 93%-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін темір торға тоғытылған. Ал, 45%-і бірнеше рет сотты болған дейді. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: «Жоба бойынша 2 236 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 310 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1294 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады».
Мәжілісте баяндама жасаған Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысында 17 еркектен зәбір көрген жасөспірім туралы да пікір білдірді. Айтуынша қазіргі таңда жәбірленушіге қатысты бірқатар медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: «Сіздер ол қызды 17 ер адамның зорлағанына сенімдісіздер ме? Қыз бала бір күн бойы жоғалып кеткен. Жедел іс-шаралар барысында ол табылып, анасына қайтарылды. Ол күні ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Арыз тек бір күннен кейін ғана түскен. Кейін қыздың анасы нотариалды куәлік беріп, арыз жазудан бас тартты. Тек бірнеше күннен кейін ғана әлеуметтік желілерде 17 ер адамның оқушы қызды зорлағаны туралы ақпарат пайда болады».
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының тұрғыны 17 жастағы қызын 17 ер адам жабылып зорлады деп мәлімдеген болатын.
Мөлдір Ибадуллаева