Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 125 мыңнан астам шағым түскен

503

Елімізде жыл басынан бері полицияға зорлық-зомбылық фактісімен 125 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Ал статистика бойынша құрбан болғандардың басым бөлігі – жаңадан тұрмысқа шыққан жас қыздар.

ТАҚ: ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРБАНЫНА ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?

20 жасар Алуа 3 рет тұрмыста болған. Ең алғаш 15 жасында еркінен тыс өзінен 7 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шыққан. Бойжеткеннің айтуынша, күйеуі қызғаныштан бірнеше рет қол көтерген. Ол жұбайынан қашып құтылған. Алайда, әжесі қалың мал алу үшін қызды 3 рет тұрмысқа берген көрінеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегуші: «Мамам Түркияда тұрады, өзі күйеуге шығып кеткен, мені тастап кеткен осында. Папам қайтыс болып кеткен. Мен қазір жұмыс тауып, қызымды бақшаға беріп өзімді-өзім қамтамасыз еткім келеді».

Шымкентте жыл басынан бері 5000-ға жуық әйел тұрмыстық зорлықтан жапа шеккенін хабарлаған. Оның 196-сы ғана өз жазасын алған. 3 жарым мыңға жуық әйел адам қорғау нұсқамаларын алған. Ал ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 25 әйел Шымкенттің дағдарыс орталықтарына орналастырылған.

Мұхтар Бұхарбаев, Шымкент қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы: «Отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдер көп жағдайда 102 сымтетігіне хабарласып, көмек сұрайды. Сонымен қатар, аудандық инспекторлардың ұялы телефонына тікелей қоңырау шалып, көмек ала алады. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда 102 сымтетігіне қоңырау шалып, маған үйге дәрі-дәрмек керек және басқа да атаулармен көмек сұрауға болады».

Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру жақында ғана қылмыс санатынан шығарылды. Бұл анықтауды едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Егер бұрын жылына 700 дерек тіркелсе, қазір 20 мыңға дейін жетеді.

Евгений Яворский, адвокат: «Полицияға уақытылы жүгіну керек. Жыртылған киім, куәгерлер, туыстар, достар, осы дәлелдердің барлығы дәлел ретінде жауапқа тартуға үлкен көмек береді».

Психологтар «әйелдердің көпшілігі өзіне қол көтеретін жұбайымен тұруға келісуінің бірнеше себебі бар» дейді. Олар: соттан қорқу, баланың әкесіз өскенін қаламау секілді тағы бірнеше жайттар. Осы орайда сарапшы мамандар проблемадан оңтайлы шығу жолдарын қарастыруға кеңес береді.

Герман Владимиров, психолог: «Мүмкін ең бірінші бірден ажырасуға жүгірмей, қарым-қатынасты өзгертуге және арнайы маманға жүгінуге тырысу керек. Көп адам психолог көмегіне жүгініп жатады, әсіресе жұптар арасында. Оның үстіне, егер әйел көндірсе және күйеуі психологқа «жай ғана психолог қой, бара салайын» деген оймен келсе де, онда ол адам әлі де бір нәрсені өзгерткісі келеді деген сөз. Сауатты психолог та осы тұста белгілі бір өзгерістер процесін бірден бастайды».

Жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылык фактісі бойынша 125 мыңнан астам шағым мен хабарлама түскен. Бұл өткен жылға қарағанда тек 5 мыңға азайған деген сөз. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы кезінде Мемлекет басшысы аталған істер бойынша жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

Гүлдана Дәурен