«Үшінші мегаполисте синтетикалық есірткіге тәуелділік артқан»

52

Шымкентте қалалық психологиялық денсаулық орталығының ұйымдастыруымен конференция өтті. Тәжірибе алмасу мақсатында өткізілген іс-шарада республиканың білікті мамандары мен жергілікті дәрігерлер психиатриялық емдеу және диагностикалау әдістерімен бөлісті.

Бүгінде үшінші мегаполисте психологиялық ауытқумен қанша адам есепте тұрады? Қала тұрғындарының денсаулығы үшін орталық қандай жұмыстар атқарып жатыр?

Елімізде соңғы екі жылда синтетикалық есірткіге тәуелділік артқан. Ал ақ халаттылар мұндай науқастардың шынында есірткі қабылдағанын дәлелдеу қиынға соғып жатқанын алға тартты. Себебі күн санап психобелсенді заттардың жаңа түрлері шығуда. Бұл емдеу процесіне де өз әсерін тигізіп отыр дейді.

Пернехан Жолымбеков: «Дүние жүзінде бір аптада 10 түрлі есірткінің жаңа түрі шығады. Ол дегеніміз химиялық әсер. Синтетикалық есірткі. Сондықтан бізде заңды түрде шектеп оларды кіргізбеу қиын болып тұр. Бұл синтетикалық наркотиктің құрамына кішкене бір құйрықшасын іліп жібереді да басқа түр болып шыға келеді. Мысалы кішкене дефис болсын, тире болсын қойып жібереді де, біз оны заңды түрде дәлелдей алмаймыз».

Дәрігерлердің айтуынша кеңес дәуірінен бері классикалық есірткі қолданатын азаматтар саны көп. Тіпті олардың арасында 20-30 жыл тәуелді болғандары да бар екен. Алайда мегаполиске жаппай келгеніне 2-3 жыл ғана болған есірткінің синтетикалық түрі оған қарағанда аса қауіпті көрінеді.

«Ол жерде уақытыңды шектеуіңе болады. Күніне бір рет қабылдаймын. Екі рет қабылдаймын деп. Ал мына жерде шектеу жоқ. Өйткені алған затының бәрін қабылдап қояды. Сөйтеді де іздейді. Түсінбейді. Өйткені бұл синтетикалық зат болғандықтан өте қауіпті. Бірінші орында оларды қамап қою керек. Олар кезекті мөлшерін алатын кезде қамауда болса шығатын мүмкіндік болмаса ол жайлап емделе береді. Оларды біз ұйықтатамыз. Психотропты дәрілер бар. Нералиптер бар. Антиперсанттар бар. Солармен емдейміз бұрынғыдай», дейді дәрігерлер.

Ақ халаттылардың айтуынша мұндай азаматтарды толық емдеу үшін ең алдымен науқастың өзі дайын болуы керек. Ал жаңа технологиялармен жабдықталған психологиялық денсаулық орталығы емдеу терапияларын жасауға мүмкіндігіміз бар дейді. Сондай-ақ, орталық қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған конференцияда жеткен жетістіктерімен және ағымдағы жылдың 9 айында атқарған жұмысымен таныстырды.

Серік Мыңбаев, ШЖҚ «Психологиялық денсаулық орталығы» МКК бас дәрігері: «Бұл жерде біздің өңірдің осы тоғыз айда атқарған жұмыстарымызды көрсеткіміз келді. Одан кейін осы психологиялық орталықтың осы саладғы жетістіктерімізді айтамыз. Біз Қазақстан бойынша алғашқы реабилитациялық орталық ашып жатырмыз. Оны ЮНЕСКО бағдарламасына кіргізіп жатыр. Біздің психологиялық денсаулық сақтау саласын бір алгоритммен жүргізетіндей етіп бір тәжірибе арқылы ортақ жетістіктерге жетуге бағытталған конференция».

Айта кетейік, Шымкентте психологиялық ауытқуы бар 18 000 адам есепте тұрады. Оның үш мыңы жасөспірімдер. Бұл көрсеткіш жоғары болуы әбден мүмкін. Себебі, психологиялық орталыққа келуге жүрексініп, өз ауруынан жасыратын азаматтар да баршылық дейді дәрігерлер.

Мөлдір Ибадуллаева