Жолайырық жобасына өзгерістер енеді

54

Бәйдібек би даңғылы мен Ұ. Арғынбеков көшелеріндегі жолайырығының құрылысына байланысты  Шымкенттегі 15 кәсіпкерлік нысаны көлік тұрағынан айырылуы мүмкін.

Бұл мәселе кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында талқыға түсті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ашынған кәсіпкерлермен кездесті. Олардың ұжымдық шағымын қарауға Шымкент қалалық сәулет, жобалауды ұйымдастыру бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері шақырылды.

Бәйдібек би даңғылы мен Ұ. Арғынбеков көшесінің қиылысындағы дәріханалар, дүкендер, бизнес орталықтары және басқа да кәсіпкерлік нысандары жаңа жолайырығы салынғаннан кейін тұрақсыз қалуы мүмкін. Салдарынан бизнес шығынға ұшырамақ.

Жаңа жолайырығын салу жобасымен танысқан кәсіпкерлер өз наразылықтарын білдірді. Кәсіпкерлердің айтуынша, жобалау барысында тапсырыс беруші мен мердігер, тас жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарындағы кіру-шығыс нүктелері мен автотұрақтарды есепке алмаған.

Мақсат Орманбек, кәсіпкер: «Заң  бойынша құрылыс басталатыны жайлы бізді хабардар етулеріңіз керек еді. Бізді шақырып, жоспарды  бірге талқылауымыз  керек еді. Мүмкін сонда бір шешімге келер едік. Бізді ескертпегендеріңізге наразымыз. Біз өз бизнесімізді дамытуға қаншама қаржы жұмсадық. Олар болар іс болғанда ғана айтып отыр. Әрине, біз келісеміз, қала даму керек. Ал біз сонда не істейміз? Біз ол жерде құрылысты тектен бастаған жоқпыз ғой. Клиникаға қатысты, жұмыс істегеніне бір ай болды. Оған қатысты не дейсіздер?».

Жаңа жолайырықтың жобасына түзету енгізуді кәсіпкерлер тамыз айында сұраған екен. Ол кезде 61 кәсіпкерлік нысан «қызыл сызыққа» түскен. Олардың біразы Шымкент қаласының бекітілген бас жоспарынан кейін салынған. Құрылысқа рұқсат берген кім және кінәлілер жазаланады ма?
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт  Исахов бұл сұраққа былай жауап қайырды: «Жихаз сатылмай қалады деп, қала дамымай қалмайды ғой. Кептеліс мәселесі кезеңімен шешілу тиіс. 2016 жылы бас жоспарға түзетулер енгізілді, қоғамдық тыңдаулар өтті. Сол жылдары жолайырығы салынатыны жөнінде әңгіме болған. Әрине, қандай да құрылыс болсын,  ыңғайсыздықтар тудырады. Алайда біз  бірінші кезекте  шахарда тұратын 1 млн-нан астам халықтың жағдайын жасауымыз керек».

Кездесуде кәсіпкерлер бизнестің бір қалыпты жұмыс істеуіне ықпал жасайтын ұсыныстарын айтты.

Мұхит Асанов, «Әсем» корпорациясының директоры: «Біз бүгін ұсынысымызды айттық. Қазір талқылау жүріп жатыр. Қалай болғанда да, бізге осы үш метрді берсе де, бізге жетпейді. Қазір бізде 60 көлікке арналған автотұрақ бар, ол да артығымен толып тұр.  Бұл көпсалалы емхана, ол жерге көптеген науқастар келеді, бізде 140 адам жұмыс істейді, жартысының көліктері бар».

Әкімнің орынбасары, кәсіпкерлердің барлық тілектері ескеріледі деп сендірді. Оларды көлік тұрағынан айырмау үшін Бәйдібек биге заманауи тұрақ салу, жаяу жүргіншілер жолы мен веложолдардың енін қысқарту туралы шешім қабылданды.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Өздеріңіз куәсіздер, біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Жиын барысында да бірнеше ұсыныстар түсті, оларды ескеріп оңтайлы шешім тапқан сияқтымыз. Біз автотұрақтардың санын арттыратынымыз сөзсіз. Өздеріңіз байқағандай. Біз бір жақты жолдар жасаймыз. Веложол мәселесі де шешіледі. Қосымша тұрақ орындарымен қамтамасыз ету үшін осы екінші жобаны жүзеге асыру үшін қосымша шығындарға баруға тура келеді».

Ұ. Арғынбеков пен Бәйдібек би жолайырығын салу үшін 61 жер телімі мемлекет мұқтажына алынуы тиіс. Ені 80 метр болатын 4 және 6 жолақты жол салынады. Жол жиегінде ұзындығы бір жарым метрлік жаяу жүргіншілер жолы мен ені метрлік велосипед жолы салынады деп жоспарланған. Кәсіпкерлердің шағымдарынан кейін жоба қайта қаралады. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау мерзімі 2023 жылдың соңына белгіленген.

Шынар Оразова