9 мекеме үлескерлердің қаржыларын заңсыз тартқан

108

Шымкентте тұрғын үйлерге үлескерлердің ақшасын тартуға енді тек 15 компанияның ғана рұқсаты бар. Себебі 2021 жылы аталған жайт бойынша 9 құрылыс компаниясынан заңбұзушылық анықталған. Үлескерлердің қаржысын тарту қандай талаптарға сәйкес рұқсат етіледі?

Шымкентте бір жылдың ішінде 9 құрылыс компаниясы заңсыз тұрғын үйлерге үлескерлердің ақшасын тартқан. Заңбұзушылық анықталып, тексеру жұмыстары жүргізілген соң, енді тек 15 мекеме үлескерлердің қаражатын тарту бойынша жұмыс істейді.

Ғалымжан Өтенбаев, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда Шымкент қаласында осындай орын алған 9 мекеме заңсыз үлескердің қаржыларын тартқан. ӘҚК 320-бабына сәкес барлығы 7 млн 350 мың теңге айыппұл салынды. Кейбір құрылыс компаниялары тұрғын үй ғимараттарының құрылыс заң талаптарын орындамай бастайды, бірақ сонымен бірге азаматтардан құрылыс үшін қаржы жинайды.  Үлескерлердің ақшасын тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үшін заңда белгіленген талаптарды бұза отырып тартатын тұлғалар әкімшілік жауапта болатынын атап өткім келеді».

Заң бұзушылыққа жол берген компанияларға жалпы құны 7 млн. 350 мың теңге айыппұл салынған. Бұл әр мекемеге шаққанда 800 мыңға жуық соманы құрайды. Дегенмен, аталған жайт бойынша тұрғындар арасынан зардап шеккендер жоқ, себебі заңбұзушылықты алдын ала жасалған келісімшарттарды тексеру барысында прокуратура анықтаған.

Ержан Нұразханов, Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары: «Бірыңғай оператордан кепілдік алу бойынша; екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы бойынша; көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін. Осы 3 жағдайда келісімшарт жасағаннан кейін барлық құжаттарын бізге тапсырады басқармаға. Бізде мониторинг бөлімі бар, құжаттарын заңгерлер тексерп, келісімшартты өзімізге тіркеуге аламыз. Үш жағдайда тұрғындарға кепілдік беріледі. Үлескерлер ешқандай сұраусыз жағдайда қалмайды».

Құрылыс компаниялары 16 мың шаршы шақырым пәтер құрылысын өткізгеннен кейін ғана үлескерлердің қаражатын тарта алады. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу» туралы заңның 7-бабында тұрғын үй құрлысына үлестік қатысуды ұйымдастыру 3 түрлі тәсілі көрсетілген. Ал Шымкентте осы ережеге сәйкес биыл 1 млн. шаршы метр көпқабатты үй қабылданып, тұрғындарға пайдалануға берілген.

Гүлдана Дәурен