«Ауырып ем іздегенше…»: PHIZER вакцинасын егу жалғасуда

145

Шымкентте файзер компаниясының комирнати препаратымен вакцинациялау жалғасуда. Қазіргі таңда екпе алу үшін қалалық емханаларға студенттер мен оқушылар, жүкті және емізулі әйелдер келіп жатыр. Жалпы, қалаға Файзер вакцинасының 46800 дозасы әкелінген.

Дінмұхаммед Нұрланұлы қарашаның 14-не файзер екпесінің 1 компонентін алған. 17 жасар азамат бүгін №1 қалалық емханаға өзі білім алатын Шымкент жоғары медициналық колледж студенттерімен бірге келіпті. Енді ғана екінші компонентті ектіріп шыққан Дінмұхаммед бойында ешқандай ауырсынулар болмағанын айтады.

Дінмұхаммед Нұрланұлы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Өткен айдың 14-не салғыздым біріншісіін. Бүгін екіншісін салдырдым. Ешқандай әсер беріп жатқан жоқ, бәрі ойдағыдай, ауыртып ондай ештеңе болған жоқ. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді»

Дәрігерлер Файзер вакцинасынан кейін аллергиялық реакциялар, ауыр асқынулар болмайды дейді. Сондай-ақ, екпе балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана салынатынын да еске салды.

Жанайым Полат, №1 қалалық емхананың жұқпалы аурулар дәрігері: «Бұл вакцина екі кезеңнен тұрады. Біріншісін алғаннан кейін екінші 21-28 күн аралығында салынады. Екі этап. Екінші кезеңін 180 адам алды. Файзер бізде 3969 адам жоспарланған. Соның 1 компонентін 426 адам алды. Емізулі аналар 50-ден асады, жасөспірімдер 400 адамдай алды».

Шымкент қаласы үшін Файзер вакцинасының 46800 дозасы алынған. Бүгінде қала тұрғындары оның 10 мыңнан астамын салдырып үлгерген.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Бізде 12 жас пен 18 жас азаматтарға, жүкті әйелдерге және босанған-емізулі әйелдерге файзер компаниясының комирнати вакцинациясы жасалып жатыр. Бүкіл емханаларда қарқын өте жақсы. Халық өте жақсы келіп жатыр. Емхалардағы басты мақсатымыз халыққа түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде біз осы вакцинаны жақсы жасап жатырмыз. Ауруханаға түсіп жатқан науқастардың және емханаға келіп жатқан науқастардың шағымдарына қарап біз қоғамдық иммунитет қалыптасты деп айтып жатырмыз. Алайда, организмде антидене 6-7 айдан кейін санын азайтып, күшін жоя бастайды. Осыған байланысты ревакцинация міндетті түрде жасауымыз қажет».

Айта кетейік, Шымкентте 2021 жылдың 15 қарашасынан бастап Файзер компаниясының Комирнати препаратымен вакцинациялау басталды. Қазіргі таңда егілгендер арасында 12-18 жастағы жасөспірімдер саны- 7754, жүкті әйелдер – 1122 және бала емізетін әйелдер – 1449. Ал екінші компонентпен 2882 адам вакцинацияланған.

Гүлдана Дәурен