Шымкентте қатерлі ісіккепен ауыратын науқастарды емдейтін бөлімше ашылды. “Асар” шағынауданындағы ауруханада ашылған бөлімшеде ақ қан ауруына шалдыққан балалар ем алатын болады.
1 жастағы Мадина бір ай бұрын аса ауыр халде Асардағы балалар ауруханасына жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. 30 күндей реанимацияда жатқан науқас баланың қазір денсаулығы жақсарып, палатаға ауыстырылған. Кішкентай Мадина қазір жаңадан ашылған бөлімшеде ем қабылдауда.
Бөрібай Ақжанат, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бөлімшенің ашылғаны жақсы болды. Осында бізге дәрігерлер қарап жатыр. Енді баламмен тезірек сауығып шықсам”.
Бұған дейін онкогематология патологиясы бар науқас балалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан облысындағы ауруханада ем алатын. Енді ондай диагнозы бар пациенттер ем іздеп алысқа сабылмайды. Жаңадан ашылған онконефрогематология бөлімшесі 20 төсек орынға лайықталған. Мұнда жұмыс істейтін мамандар біліктілігін арттырып, арнайы оқытудан өткен. Сондай-ақ, науқастарға нақты диагноз қойып, емдеу шараларын жүргізу үшін мединацалық ұйым ішінде диагностикалық зертхана жұмыс істейді.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: ”Науқас балалар үшін бұл зор мүмкіндік болды. Жалпы қалада онкогематология бойынша 200-ден аса науқас бала тіркеуде тұр. Енді олар осында ем алады».
Айта кетейік, жаңадан ашылған бөлімшеде онконефрология және онкогематология патологиясы бойынша науқастар тегін ем алады. Бұрын мұндай қанның қатерлі аурулары емделмейтін ауруға шалдыққан балалар 1 жасқа дейін ғана өмір сүретін. Ал қазір заманауи медициналық көмектің арқасында балалардың өмір сүру сапасы артып, толық сауығып кетуге мүмкіндік бар, дейді, мамандар.
Лаура Нахыпқызы