Алдағы 5 жылда 2 млрд ағаш отырғызу қажет. Бүгінде ел президентінің тапсырмасын орындау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова мәлімдеді. Әрі жиында орман ағаштарын заңсыз кесу мәселесі талқыланды.
Енді орман ағаштарын заңсыз кесуге жол берілмейді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының айтуынша, биылдың өзінде 111 ағаш заңсыз бөлшектеніп, мемлекетке 97 млн теңге шығын келтірілген. Сондықтан, мұндай заңсыздықтың алдын алу мақсатында геоақпараттық жүйе жасақталыпты.
Ерлан Құтпанбаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
«Интерактивті карта ақпарат министрлігімен бірлесе жасалған. Ол жерде 4 геопортал бар. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігін анықтау, орманды заңсыз кесуден қорғау, орманда заңсыз құрылыс жүйесін салу, сондай-ақ орманды жаңарту түрлері бойынша интерактивті карта жасалды. Сонымен қатар, 1 желтоқсаннан бастап қылқан жапырақты ағаштарды қорғау акциясы өтіп жатыр. Әр мекеме, әр ұлттық парк, әр қорық осы жұмыстарды атқаруда. Бұдан бөлек, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде ағашты кеспеу туралы ақпараттар көп беріледі».
Сондай-ақ бұған дейін Ел президенті өз жолдауында алдағы 5 жылда 2 миллиард ағаш отырғызуды тапсырған еді. Жауаптылардың сөзінше оның 70 пайызы сексеуіл мен қарағай болады екен. Әрі биылғы жоспар толығымен орындалғанын жеткізді. Республика 62 мың га жеріне 130 млн дана ағаш отырғызылыпты. Ал келесі жылғы жоспар шамамен 2 есе көп болады деп күтілуде.
Әлия Шалабекова, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
«2022 жылға 112 мың га алқапта 280 млн дана көлемінде ағаш отырғызу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдармен және экология министрлігіне қарасты ұйымдармен отырғызу материалдарын өсірумен қатар, жеке питомниктерден отырғызу материалдарын сатып алу көзделген. 2023 жылы орман өндірісі шеңберінде 190 мың га алаңға 410 млн дана көлемінде ағаш отырғызу жоспарланған. Отырғызу материалдарын өсіру жоспарына сәйкес, көшеттер 460 млн дана көлемінде шығарылады деп күтілуде»
Айта кетейік, ағымдағы жылы жоспарланған жұмыстарды орындау үшін 12 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен — 4,6 млрд теңге және жергілікті бюджеттерден – 7,4 млрд теңге. Сондай-ақ 422 бірлік техника мен жабдық сатып алыныпты.
Мөлдір Ибадуллаева