Қаланың әлеуметтік саласында басты мақсаттық көрсеткіш – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
«Есепті кезеңде «Еңбек» бағдарламасымен 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге, экономика салаларында 24 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Осының есебінен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны ағымдағы жылдың басындағы 36 мыңнан 11 мыңға дейін азайды», — деді шаһар басшысы.
Қалада инклюзивті орта құру міндеті де басым бағыттағы жұмыстың бірі болып айқындалған. Бұл бағытта биылғы жылы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін бюджеттен 3,7 млрд. теңге қаржы бөлінген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, осы мақсатқа 2020 жылы 3,1 млрд. теңге бағытталған болатын. Одан бөлек, 8 үкіметтік емес ұйымдар арқылы 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат арнаулы әлеуметтік шараларымен қамтылған. Осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру, оларға құқықтық және психологиялық көмек көрсету мақсатында «Тең қоғам», көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау мақсатында «Бақытты жанұя» орталықтары ашылған.