«Көшеге жиналған су үйімізге кіреді»-Тұрғындар

143

Қазығұрт шағынауданының тұрғындары жаңбыр суынан мезі болғанын айтады. Сөзерінше, көше бойында арық болмағандықтан көлшік сулар үй ішіне кіріп, баспананың іргетасын шая бастаған. Сондай-ақ, мұнда жүретін жалғыз қоғамдық көліктің де жүру арақашықтығы өте ұзақ дейді.

Бұл Қазығұрт шағынауданының тұрғыны Әйгерім Исаева. Айтуынша, жаңбыр жауғанда немесе қар жауып ерігенде үйіне бірден су ағып кіре бастайды екен. Салдарынан баспананың іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылып жатыр.

Әйгерім Исаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Міне, көшенің жаңбыр суынан осы жерде міне жарылған. Іш жаққа кіріп көрсетейін.  Мұны біз жауып қойғанбыз, міне. Бала-шағам бар. Жаңбырдың суынан, осы бала-шағам үшін қорқамын. Өйткені, мына үйде зәк болады ғой, сол кезде барлығымыз ауырамыз».

Жапсарлас салынған көрші үйлердегі жағдай да дәл осындай. Себебі көшеде су құбыры жарылған. Тұрғындар шағынауданның орталығы Жандарбеков атындағы үлкен көшеде жауын суларын ағызып жіберетін арықтың жоқ екендігін айтады. Салдарынан, жауынды күндері жаңбыр, қар сулары үй маңына кіріп көлшіктеніп жатады.

Анарбек Қалдыбек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мына жерді қарасаңдар, мінекей, су жиналып жатыр. Бұл не үшін жиналады? Бұл жерде лоток болмағасын. Міне, мына үй жарылып жатыр, мына үй отырып жатыр. Қырдағы судың бәрі келеді да, мына жерге тұрады. Мыналар үйіме кірмесін деп жинап қояды. Мына су қазір жатыр. Қай жаққа барады? Ешқайда бармайды».

Тұрғындар Қазығұрт шағынауданында жалғыз №34 қоғамдық көлігінің жүретінін айтады, оның үстіне интервалдары тым ұзақ көрінеді.

Әйгерім Исаева, тұрғын: «Мына жерде 2 аялдама бар. Мына жерде және ана жердегі. Ол аялдамаға еш автобус тоқтамайды. Оны алып тастау керек.  Сосын 34 автобус маршруты интервалы өте нашар. Бір 34-ті күту үшін 30-50 минут күтіп тұрамыз».

Жауаптылар болса, аталмыш мәселе келесі жылы бюджеттен қаржы қаралса ғана шешімін табатынын айтады. Ал су кіріп жатқан үйлерге көмек алдағы 10 күн ішінде беріледі.

Асқар Ахметов, Абай ауданы әкімдігінің бас маманы: «Өтініш иесімен жолықтым, ол кісінің өтінішіне сәйкес алдына шағалтас төгіп беру туралы ұсыныс берілді. Қажеттілігіне орай 1 камаз немесе 2 камаз шағалтас төсеп беру мәселесін қарастырамыз. Лоток бойынша кешенді іс жоспарға сәйкес 2022-ге қарастырылып жатыр. Аялдама мәселесі бойынша Абай ауданы әкімдігі тарапынан қалалық транспорт және жолаушылар басқармасына ұсыныс хат жолданады. Соған сәйкес аялдаманы қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады».

Алда қылышын сүйретін қыс келе жатыр. Ал шенеуніктердің арық мәселесін келер жылы біржақты етеміз деген сөзіне сенсек, тұрғындардың тағы бір қыс-көктемде көлшік су мәселесімен бас қатыруына тура келетін сияқты.

                                                                                       Әлихан Файзханов