«Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!». Үшінші мегаполис азаттықтың 30 жылдық мерекесін атап өтті. Салтанатты жиында мелекет хатшысы Қырымбек Көшербаев елдің дамуына үлес қосқан Шымкент азаматтарын марапаттады. Әрі қаланың тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін айтып, болашақта бұл қарқынды төмендетпеу керек екенін жеткізді.
Осыдан 3 жыл бұрын еліміздің миллионды қалалар қатарына қосылған Шымкент шаһары тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын тойлады. Мемлекеттік рәміздер ұлықталған іс-шарада еліміздің ғасырлар қойнауынан сыр шертер жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді. Әрі жиынға қатысқан мемлекет хатшысы ұлық мейрам қарсаңында мегаполис азаматтарын арнайы наградалармен марапаттады.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекет хатшысы: «Сіздердің қалаларыңыз да басқа өңірлер сияқты ел экономикасының дамуына жылдан-жылға үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да бұл қарқынды төмендетпеу керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің қоғамдық, саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуына ерекше үлес жүрген бір топ азаматтарды жоғарғы мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында Шымкент шаһарының да тұрғындары бар».
2017 жылдан бастап халықты жұмыспен қамту орталығында қызмет атқарып келе жатқан Арман Кенжебай да Мемлекет басшысының «Құрмет» грамотасына ие болды. Қашанда тұрғындарға қызмет көрсетуге дайынмын деген ерекше жан еңбегінің еленгеніне қуанышты.
Арман Кенжебай, «Тәуелсіздік қарасыңында мұндай «Құрмет» граматосын алу мен үшін үлкен құрмет. Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын. Елу жылда ел жаңа дейді ғой, елімізді жаңарта берейік. Аспанымыз ашық, шаңырағымыз биік бола берсін».
Салтанатты жиында өнер жұлдыздары патриоттық ән айтып, биден шашу шашты. Ал Тәуелсіздік жылдарында Шымкенттің қалай дамығанын атап өткен қала әкімі Мұрат Әйтенов барша қазақстандықтарды мейрамымен құттықтады.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Еліміздің ендігі арқа сүйері, азат ойлы жаңашыл азаматтары. Ол үшін әрібіріміз білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзімізді толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруымыз қажет. Баршамыздың маңдайымызға ең қымбат қазынамыз, ең асыл аманатымыз ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын көру бақыты бұйырған екен. Тәу етер тәуелсіздігіміздің мерейтойымен шын жүректен баршаңызды құттықтаймын!».
Шымкент әкімі Қазақстан әлемде өз туын тұғырға қондырған екі жүзден аса елдің арасында алғашқы 40 елдің қатарына қосылғанын мақтанышпен жеткізді. Әрі бүгінгі Қазақстанның қалыптасқан мемлекетке айналуы, әлемдік деңгейде танылып, мойындалуы және қуатты экономика құрып, гүлденуі – халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Мөлдір Ибадуллаева