Мұғалімдер: «Бір күнде бір мұғалімнен кемінде 5 000 теңге жиналады»

252

Шымкент қаласындағы №28 жалпы орта мектептің мұғалімдері басшымыз заңсыз ақша жинайды деп шағымданды. Сөздерінше, мектеп директоры түрлі сылтаумен ұстаздардан ақша жинайтын көрінеді. Мұғалімдер «айтқан соманы жинап бермесек, тіпті қысым көрсетеді» деп отыр.

Қаламыздағы №28 мектеп мұғалімдері басшыларына наразы. Айтуларынша, мектеп директоры 25 млн теңгеге мүсін орнатамыз деп, мұғалімдерден қаражат жинаған. Алайда мүсін де, ақша да жоқ. Ал, қаржыны жинап бермеген ұстаздарға қысым көрсетеді дейді.

Мариям Әбдіраимова, №28 ЖОББМ-нің көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
«Біздің мектепте мұғалімдерден ақша жинау мәселесі тоқтамай тұр, неше жылдан бері жалғасып келеді. Соңғы шамымызға тигені – мектебімізге Фариза Оңғарсынованың есімі беріледі деген кезде, ақынның құрметіне ескерткіш орнатпақ болды. Басында 5 мыңнан жинаймыз деді, оған келістік, жинап бердік. Кейін ақша жетпей тұр, тағы жинаймыз деді. Соңында қарызды қашан бересің дейтінді шығарды. Ол ақша өсіп-өсіп 20 мыңға жетті. Оған бәрінің шамасы жетпейді ғой. Бір мұғалім «гороноға» барғанда, «ұжыммен өздерің мектепте шешіңдер» деп қайтарып жіберген».

Сондай-ақ, ашынған ұстаздар «шындықты айтып қарсы шықсақ, сағатымызды қысқартып, жұмыстан шығарамыз деп қорқытады» дейді. Жиналған мұғалімдер «тіпті директор мектептегі басқа ұстаздардан бізбен араласпауын сұраған» деп күйініп отыр.

Елдос Абитов,  №28 ЖОББМ-нің денешынықтыру пәнінің мұғалімі:
«Жинау деген біздің мектепте өте көп. Жоқ дегенде айына 7-8 мың, 20 мыңға дейін, бір айда, бір мұғалімнен. 500-ден, 1000 тг-ден, 5000, анау-мынау комиссия дейді, бірақ олардың біреуін де көрмейміз. 2019-да аттестациядан өтіп келдім, 2 категориямен келгенмін, енді соны бекітіп кел деді, өтіп келсем соған қол қоюға 40 мың сұрады. Мен тағы беремін. Мен Фариза Оңғарсынованың мүсініне еш қарсылығым жоқ. Менің шамам неге келді, мен соны бердім».

Мектеп директорының аталған шағым туралы пікірін білу үшін оқу орнына бардық. Алайда орынбасары, басшының ауырып жатқанын айтты. Сонымен қатар, директор орынбасары ақша жинау деген нәрсе атымен болмаған деп ақталды.

Роза Молдабекова, №28 ЖОББМ директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары: «Директорымыз қазір ауырып жатыр, сондықтан мен жауап беріп жатырмын. Жиған жоқпыз, жиямыз деген ой болған, жиямыз емес қоятын шығармыз деген ой болған. Жиналыс болған, әңгіме айтылған. Бірақ оған жеткізген жоқпыз».

Білім басқармасының басшысы оқу орында мүсінге қаржы жинау заңсыз екенін, ондай жомарттықты тек мұрагерлер мен демеушілер ғана көрсете алатындығын айтады.

Жанат Тәжиева,  Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Аталған білім ұйымынан қаржы жиналатыны туралы арыз келіп түскен. Бұл мәселені бірінші кезекте қарау құқығы сыбайлас жемкқорлыққа қатысты агенттік болғандықтан, арнайы жіберілген болатын. Алайда зерделеудің барысында бұл мәселелердің дәлелденбегендігі туралы хат алдық. Бұл жерде мектептің ұжымы белсенділік танытқан. Бірақ бұл жерде ондайды ұйымдастыруда бірінші басшының жауапкершілігі қаралады».

Басқарма басшысы аталған іске байланысты құзырлы органдарға қосымша арыз келіп түскенін және соған байланысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Егер директордың кінәлі екені анықталса, тиісті шаралар қолданылады дейді.

                                                                                                Гүлдана Дәурен