ҚР Құқық қорғау жүйесіне үш буынды модель керек пе?

175

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміздің құқық қорғау жүйесінде полиция, прокуратура және сот арасындағы өкілеттікті бөлу жөнінде үш буынды модельді енгізуді тапсырған еді. Енді қылмыстық процестің өкілеттілігі полиция, прокуратура және сот арасында бөлініп отыр. Шымкент қаласының Бас прокуроры жаңа цифрлық жоба қалай енгізіліп жатқанын түсіндірді.

Шымкентте процессуалдық шешімдерді реттеудің үш буынды моделі енгізілгеннен бастап азаматтарды қылмыстық қудалау процесіне басқа сала мамандарын тарту азайды. Енді қылмыстық процесс бойынша шешімді тек прокуратура шығарады, яғни қылмыстық іске белгілі мәртебе береді.

Ғабит Мұқанов, Шымкент қаласының прокуроры: «Бірінші буында қылмыстық қудалау органы барлық тергеу әрекеттерін жүргізіп, дәлелдемелерді жинайды, кейіннен процессуалдық шешім қабылдайтын шешімдерін прокурор екінші буында заңды қарап, өзі бекітеді. Үшінші буында қылмыстық іс сотқа жолданып, сот бағасын беріп, нүктесін қояды».

Күдіктіні тану, іс-әрекетті сараптау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеу мерзімін тоқтату, айыптау актісі секілді барлық шешімді енді тек қадағалау органы қабылдайды. Егер олай болмаған жағдайда, іс заңсыз деп танылады. Шымкенттің бас прокуроры «мұндай өзгерістердің басты артықшылығы – жәбірленушінің ғана емес, күдіктінің де конституциялық құқығын қорғау», -дейді.

Ғабит Мұқанов, Шымкент қаласының прокуроры: «Жалпы Шымкент қаласында 10 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелсе биылғы жылы, сол қылмыстық істер бойынша 25 мыңнан астам процессуалдық шешімдер қабылданған. Соларға прокуратура тарапынан баға беріліп, заңдылығы бекітілген».

Сондай-ақ, Ғабит Мұқанов тергеу әрекетін жедел жүргізу мақсатында прокурордың адамды күдікті деп танығанға дейін, одан күдікті ретінде жауап алу мүмкіндігін қарастырып отырғанын жеткізді. Және ең бастысы, бұл бағытта сыйбайлас жемқорлық оқиғалары болмайды дейді.

Ғабит Мұқанов, Шымкент қаласының прокуроры: «Келесі жылдан бастап, аса ауыр қылмыс бойынша енгізіледі. Одан кейін 2023 жылдан бастап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстар кіреді. Ал 2024 жылдан бастап барлық қылмыстар бойынша айыптау актісін прокурор толтырып, сотқа жолдайтын болады».

ҚР Парламентінің мәжілісі еліміздің заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қабылдады. Қарастырып отырған негізгі тармақ – құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттілік мен жауапкершіліктің аражігін ажырататын үш буынды модельді енгізу мәселелері.

Гүлдана Дәурен