Бүгінгі таңда Республикалық маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстау мәселесі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің ерекше бақылауында. Сондықтан Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті жолды қардан тазартатын техникалардың дайындығын тексерді.
Ұзақ жолға шыққан азаматтар қар құрсауында қалмауы керек. Осы мақсатта «Қазақавтожол» ЖШС Түркістан облыстық филиалының қысқы кезеңге дайындығы пысықталды. Бүгінде Шымкент қаласының аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 8 қар тазалайтын КамАЗ, 2 грейдер мен 2 тиегіш берілген екен.
Төреғали Үркімбаев, Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:
«Шымкент қаласы аумағында 22 км республикалық жол өтеді. Соған байланысты бізге қалаға 10 техника берілген. Және 30 дай адам бөлінген. Біз былтыр осы техникалардың көмегімен Түркістан облысының департаментімен бірге қар құрсауында қалған 20 адамды құтқару жұмыстарын жүргіздік».
Мамандар мұзтайғақ кезінде қолданылатын инертті материалдар қоры жеткілікті дейді. Мәселен тек осы республикалық маңызды жолдарға бір мезгілге шамамен 1500 тонна қиыршық тас пен 200 тонна тұз қажет екен. Бүгінде автожолдардың қауіпті учаскелеріне уақытша жол белгілерін орнатып үлгеріпті. Дегенмен, төтеншеліктер берілген ескертуге назар аударуға шақырды.
Төреғали Үркімбаев, Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:
«Қала тұрғындарын біздің департаменттің хабарламаларына, «Дәрмен» қосымшаларына, облыстағы 26 телеарнасы мен 3 радионы ұстап алу арқылы халыққа хабарлап отырамыз. Біздің хабарламаларымызға құлақ асса деген өтініш бар. Өйткенні көп жағдайда қала тұрғындары біздің хабарламамызға құлақ аспай, жолға шығып кетіп, жолда қалып кеткен жағдайлар бар».
Айта кетейік, «Дәрмен» тегін қосымшасында жолдың жабылуы туралы ақпарат пен төтенше жағдайлар SMS –хабарламаларға қарағанда тезірек келеді. Сонымен қатар, онда оқыс оқиға кезіндегі әрекет туралы пайдалы ақпараттар орналасқан екен.
Мөлдір Ибадуллаева