Елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Елбасы медалі» жастар бағдарламасының үздіктері анықталды. 1000 — нан астам үміткер арасында топ жарған жеңімпаздардың 214-і Шымкентік жастар.
Бүгін дәл осы, жүзден жүйрік шыққан қатысушыларды қаламыздағы «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында марапаттау рәсімі өтіп, арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Бүгінгі кеште «Елбасы медалімен» марапатталып, үздік атанған жеңімпаздардың бірі — Арай Қыдырбай. Аталмыш шарадан қола медальді қанжығасына байлаған 14 жастағы ару, бұл жобада жеңімпаз атану оңайға соқпағанын айтады. Сондай-ақ, ол бұл челендж өзіне ұмытылмас тәжірибие сыйлағанын жеткізді.
Арай Қыдырбай, «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері: «Алты айда бізде бес бағыт болды. Өзіме алдыма мақсат қойдым, волонтерлік бағыт бойынша, спорт бағыты бойынша және де кітап оқу бағыты бойынша. Мен осы челенджге қатыса отырып, өзімді дамытып қана қоймай жаңа достар таптым. Біз бірге осы жетістікке жеттік, және алдағы уақытта да осы сынды шаларға қатысамыз деген ойдамыз».
Алты ай жасаған еңбегінің еленгеніне қуанышты екенін жеткізген жасөспірім қаламыздағы №7 Қарсыбай Спатаев атындағы IТ мектеп-лицей интернатының шәкірті. Талапты жас аталған шараға қатысудағы басты мақсаты — жүлдені иелену болғанымен, жоба арқылы өзіндік дағды қалыптастырып, жеке әрекет етуді үйрендім, — дейді.
Арай Қыдырбай, «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері: «Алты айлық еңбегімнің бағаланғанына қатты қуаныштымын: Осы қола медаль алғасын мен алдыма мақсат қойып отырмын. Күміс және алтын медальдарға қатысамын деген үміттемін».
Бұл жобаға еліміз бойынша 10 000 — нан астам адам қатысуғы өтініш білдірген. Олардың арасында Шымкент қаласынан 1000-ға жуық үміткер іріктеліп алынған еді. Бүгінде жүзден жүйрік атанып отырған 214 жеңімпазды қала әкімінің орынбасары құттықтап, медальдарын табыс етті.
Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуын көздеген бұл бағдарлама еліміздің дарынды жастарына үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Осылай деген ұйымдастырушылар, аталмыш жоба жастардың өз бойындағы қабілетімен талантын ашуда үлкен рөлге ие екенін айтады. Олардың сөзіне сүйенсек, дәстүрлі сайыстың ұйымдастырылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде оң нәтиже беріп жатқан көрінеді.
Раушан Омарханқызы, Шымкент қалалық «Дарын» орталығының басшысы: «Былтыр қатысқан балалардың ішінде 54 бала осы қола меделін алған грант иеленді. Яғни грант тағайындау кезінде қабылдау комиссиясы балаларға «Елбасы медалінің» ұпайын қосып, грантқа ие болды. Сондықтан бұл жоба өте тиімді, жастарға үлкен мүмкіндік».
Айта кетейік, жастарға үлкен мүмкіндік сыйлап отырған бұл шара 2019 жылы, тұңғыш Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылған болтын. Содан бері, еліміздің белсенді әрі талантты жастарын қолдау мақсатында аталмыш жоба дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатыр. Және алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Аида Қарсыбайқызы