Шымкент: Қоғамдық кеңес есеп берді

153

Шымкент қалалық қоғамдық кеңесте бір жыл ішінде, 18 басқарманың есебі тыңдалып, 68 мәселе қаралған. Әрі аталған мәселелердің бірқатары шешімін тауып үлгерген. Бұл туралы кеңес төрағасы жылдық есебінде мәлімдеді. Биыл айтулы кеңесте қандай жұмыстар атқарылды және заңға қандай өзгерістер енді?

Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы 2021 жылы атқарған жұмыстарға есеп берді. Нұрғазы Бұхарбай қала көлемінде жыл басынан бері көптеген маңызды мәселелер көтеріліп, бірқатары нәтижелі жұмыстың арқасында шешімін тапты,- дейді.

Нұрғазы Бұхарбай, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы: «Қоғамдық кеңес құқықтық мәртебесі бойынша консультативтік кеңесші, байқаушы орган болып табылды. Бұл дегеніміз біз ұсыныс бере аламыз. Алайда, мемлекеттік органдар біздің ұсыныстың бәріне 100 пайыз жауап берді, іс-шарасына енгізді, бюджетке біраз өзгерістер енді».

Қоғамдық кеңес 2021 жылы жоспарлы түрде 8 отырыс өткізген, онда түрлі салаға қатысты 68 мәселе қаралған. Сонымен қатар, биыл айтулы кеңеске қатысты заңға жаңа өзгеріс енгізілген.

Нұрғазы Бұхарбай, Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы: «Заңдағы жаңа өзгерістің бірі — жылына кеңес отырыстарына себепсіз 3 реттен қалған мүшесін шығару. Осы тұста біздің де құрамнан осы себеппен 2 мүшесі шығарылды».

Қазіргі таңда қалалық қоғамдық кеңес құрамы 29 адамнан тұрады. Оның ішінде әлеуметтік сала, білім мен мәдениет, денсаулық, спорт мамандары және дін, кәсіпкерлік салаларының өкілдері бар.

Төраға коғамдық кеңестің негізі мақсаты — қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытып, қолайлы орта қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізу дейді. Сондай-ақ, ел дамуы мен қаланың көркеюі үшін қоғам тарапынан жасалатын жүйелі жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

Гүлдана Дәурен