Шымкентте 238 сәби Тәуелсіздік күніне орай «Сүйінші» сыйлық бокстарын алды

139

 

Шымкентте мереке күндері 238 сәби дүниеге келді. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай олардың аналарына «Сүйінші» атты естелік бэби-бокстар табыс етілді.

«Сүйінші» сыйқорабына бөбектерге қажетті заттардан басқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», — деп жазылған Президенттің құттықтауында.

«Біздің қызметкерлер 16 және 17 желтоқсанда жұмыс істеді және АХАЖ өкілдерімен бірлесіп әрбір сәби өмірінде өзінің алғашқы құжатын алуы үшін перзентханаларда құжаттарды қабылдады. Осы кезеңде Шымкент қаласында барлығы 238 сәби дүниеге келді, оның ішінде 3 егіз. АХАЖ әріптестеріне туу туралы куәліктерді ресімдегені үшін, «Қазпошта» қызметкерлеріне бэби-бокстарды жеткізгені үшін және барлық дәрігерлерге олардың қажырлы еңбегі үшін алғыс айтқым келеді», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Данабек Исабеков.

«Бэби-бокстар ата — аналардың қалауы бойынша перзентханаларға немесе мекенжайы бойынша жеткізіледі», — деп хабарлады «Қазпошта» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Ерболат Садырбаев.

Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырылды.