Шымкентте картон қағазын шығаратын зауыт іске қосылды

191

Шымкентте картон қағазын шығаратын «Шымкент қағазы» зауыты іске қосылды. Кәсіпорынның қазір бірінші кезеңі аяқталған. Өндіріс ошағы алғашқы уақытта рулон қағаздарын шығарады. Жылына 3 млн дана қорап өндіруді жоспарлап отырған зауыт жұмысы келесі бейнематериалда.

Қаламызда картон қағазын шығаратын зауыт өз жұмысын бастады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ашылған кәсіпорынның алғашқы кезеңдегі жұмысы үшін 300 мың тонна шикізат сатып алынған. «Shymkent Kagazy» ЖШС-нің өндірісін қала әкімі Мұрат Әйтенов пен зауыт құрылтайшысы Бейбіт Қалқаман салтанатты түрде іске қосты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында үлкен кәсіпті ашып жатырмыз. Бұл Шымкент қаласында бірінші рет ашылып жатқан «Шымкент қағазы» деген өнім. Бұл қағазды өңдеп, болашақта импорттқа келіп жатқан мәселенің бәрін шешіп беруге мүмкіншілік болады.  Заводымыздың арқасында 50 орын жұмыс табылып жатыр».

Картон қағазын шығаратын «Шымкент қағазы» зауытының тек бірінші кезеңі аяқталған. Қазір мұнда рулон қағаздары шығарылады. Ал екінші кезеңді алдағы 2 жыл көлемінде аяқтау жоспарланып отыр.

Қазір өндіріс ошағында жаңадан 50 жұмыс орны құрылған. Кәсіпорын жылына 3 млн дана қорап және 10 мың крафт қағазын шығаруға мүмкіндігі бар. Дайын өнім толығымен ішкі нарықта сатылады деп жоспарлануда. Басшылық аталған зауыттың өңірдегі ең ірі қағаз өндірісінің бірі болатынын жеткізді.

Ерболат Сәриев, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы басқарма төрағасының орынбасары: «Қазіргі уақытта 3 га жер берілген, 4000 шаршы метр өндірістік ғимараты салынған. Жылына 10 мың тонна қағазды өңдеп, крафт қағазын шығарады. Екінші кезеңінде дайын қағаздан жасалған қораптар, қаптамалар өндірілетін болады. 100 адам жұмыс істейтін болады толық қуаттылығына шыққан кезде. Инвестицилар құны қазіргі уақытта 1,5 млрд теңгені құрайды».

2010 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында алғашқы кәсіпорын іске қосылған. Қазір мұнда «Шымкент қағазы» зауытын қосқанда 26 жоба жүзеге асырылып отыр екен. Олардың қатарында жеңіл өнеркәсіп, химия және мұнай химиясы өнімдерін шығаратын  озық өндірушілер бар. Арнайы экономикалық аймақта дайындалатын өнімдер әлемнің 15 еліне экспортталады.

Гүлдана Дәурен