Бүгін қаламызда «Сигма Шымкент» құрамасының спортшыларын марапаттау рәсімі өтті. Жиында боксшы Ангелина Лукас, теннисшілер Озода Азатова мен Таңшолпан Шапей марапатталды. Осы жылды жеңіспен аяқтаған саңлақтар, келер жылдың да жемісті боларына сенімді.
Шымкентте спортшыларды марапаттау рәсімі өтті. «Сигма Шымкент» құрамасының спортшылары 2021 жылды жүлделермен аяқтап отыр. 49 келіде бақ сынаған Ангелина Лукас кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін өткізіп, жеңіске жеткен. Еуропа чемпионымен бәсекеге түскен ару дебюттық жекпе-жектің сәтті болғанын айтады.
Ангелина Лукас, Бокстан халықаралық деңгейдегі спорт шебері: «Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан қаласында үлкен шоу өтті, соған қатысып, өз бағымды сынадым. Қарсыласым бокстан Еуропа чемпионы украиналық боксшы ару болды. Бұл дода мен үшін өте маңызды болды, себебі, бұл менің кәсіпқой бокстағы дебютім. Жылды осындай жетістікпен аяқтап жатқаныма өте қуаныштымын».
Жыл сайын үстел теннисінен өткізілетін Қазақстан кубогында өткен жылы Шымкент қыздар құрамасы жеңіске жеткен еді. Ал биыл жерлестеріміз екінші орынды қанағат тұтты. Құрама мүшесі Озода Азатова қандай орын болмасын, қала қоржынына жүлде сыйлағанымызға қуаныштымыз» дейді.
Шымкент қалалық бокс және үстел теннисі федерациясының атқарушы директоры жетістікке жеткен жастардың мұнымен тоқталып қалмайтынын айтады.
Рахманбек Арғымбаев, Шымкент қалалық бокс және үстел теннисі федерациясының атқарушы директоры: «Бүгін біз жүлдегерлерді марапаттадық. Үстел теннисінен Шымкент қыздар құрамасы кубок жеңіп келді. 2 номинация бойынша 2 кубок алдық. Спортшыларымыз 8 медаль иегері атанды. Біздің жетістікке жетуімізде Қалалық спорт басқармасы, Президентіміз Асқар Тұрысбековтің қосқан үлестерін атап өту керек. Тағы бір қуанышты жаңалығымыз боксшымыз Ангелина Лукас Украинаның чемпионымен жекпе-жекте жеңіске жетті. Бұл оның кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуі. Біз жастардың спортқа белсене қатысып, салауатты өмір салтын ұстанғанын қалаймыз».
Жас спортшылар алға қойған жоспарымыз әлі көп дейді. Енді сол үшін, тынбай дайындалып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
Гүлдана Дәурен