Шымкентте соққыға жығылған 15 жасар баланың ісіне қатысты сот мамандары түсініктеме берді. Судьяның айтуынша, оларға 127-бап «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша үш әкімшілік іс келіп түскен. Мұнда күдіктілердің ата-анасына қатысты да іс қозғалыпты.
Судья жасөспірімдердің ешқайсысы ақталмағанын алға тартты. Өйткені олардың жеке басына қатысты іс қаралмаған. Сондықтан, бұл жағдайда тек ата-аналары ғана жазалануы мүмкін дейді.
Алайда бұл да әзірге жүзеге аспаған көрінеді. Судьяның сөзінше, тергеуші барлық материалды толық бермеген.
Дәурен Сайханов, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
«Сот полиция инспекторы тарапынан процессуалдық құқық бұзушылықтарды анықтауына байланысты, яғни 140-баптың бөлігінде іс жүргізу шешімінсіз заңды өкілдерге қатысты әкімшілік хаттама жасауға құқығы жоқ, әрі іс материалдары болмады. Кәмелетке толмағандарға қатысты ақтау үкімі шығарылған жоқ, сотта оларға қатысты қылмыстық іс қаралмаған, хаттамалар осы жерде ата-аналарының әрекеті бағаланған. Бұл ретте материал мен хаттаманың толық дайын болмағаны себепті біз де баға бере алмадық».
Судьяның айтуынша, іс 435-бап , яғни «Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық» бабы бойынша шешілген. Бұл заң аясында шабуыл жасаушылардың ата-аналарын жауапқа тартуға және оларға айыппұл салуға болады.
Тергеуді ұрып-соққан жасөспірімнің анасы жүгінген полиция мен қалалық прокуратура қолға алуы керек дейді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент тұрғыны «Отырар» телеарнасына, ұлын соққыға жыққан жасөспірімдерге қатысты «кінәлілер жазаланбай отыр» деп арызданған еді.
Анна Шагееваның дәл үйінің алдында ұлын қатарластары соққыға жыққан. 18 тамызда болған бұл оқиға видеоға түсіп қалған. Бірақ күдіктілердің ешқайсысы жазаланбаған.
Анна Шагеева содан бері ұлының үйден шығуға қорқатынын айтқан болатын. Жасөспірімнің алдыңғы қабырғасы көгерген, иық аймағында гематомалар бар, әрі миы шамалы шайқалған.
Мөлдір Ибадуллаева