Түркістан облысында бір үйге бірнеше рет ұрлыққа түскен мал ұрысы ұсталды.
Отырар ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның бірі мал ұрлығының құрбаны болғандығы жөнінде арызданған. Ол өз үйінің ауласындағы қорадан 3 бас тоқтысын ұрлап, жалпы құны 100 000 теңгеден астам шығын келтіргенін көрсеткен.
Аталған дерек ҚК 188-1-бабы «Мал ұрлығы» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары қылмыс орнын тексеріп, аулаларды аралап, куәлардан жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлерінің күшімен қысқа уақыт ішінде мал ұрлаған күдікті анықталды.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті ер азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің үйіне қараша айынан бері 4 рет ұрлыққа түскен.
Осылайша 5 бас қойды ұрлап, жалпы 175 000 теңге шығын келтірген. Күдікті ер адам ұрланған малдардың жартысын мал базарға, қалғанын ауыл тұрғындарына сатып жіберген. Ал ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Мөлдір Ибадуллаева