Шымкент қаласында жылдың үздік жастары марапатталды. Үздік жастар премиясы биыл 11-ші рет аталып өтіп отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған жобада әр саланың 30 үздігі анықталды. Номинация жеңімпаздарына премияны қала әкімі табыстады.
Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 2021 жылдың үздік жастары анықталды. Премияны сала үздіктеріне қала әкімі Мұрат Әйтенов табыстады. Биыл түрлі номинацияда 30 жас «сала үздігі» деп танылып отыр. Олардың қатарында «Отырар» медиахолдингінің тілшісі Мөлдір Ибадуллаева да бар. «Үздік жас журналист» номинациясын иеленген Мөлдір қоғам үшін атқарылған еңбектің еленгеніне қуаныштымын дейді.
Мөлдір Ибадуллаева, «Отырар» телеарнасының журналисі: «Тәуелсіздік мерекесінде міне барлық саланың үздіктерін құттықтап, марапаттап жатыр. Әрине оған алғысымызды білдіреміз. «Жылдың үздік жас журналисі» атандым. Бұл тек менің жеңісім емес, телеарнаның, барлығымыздың жеңісіміз деймін. Рақмет айтамын! Тәуелсіздік мерекесімен барша Қазақстандықтарды құттықтаймын!».
«Үздік жастар-2021» премиясы дәстүрге айналып, биыл 11-ші рет аталып өтіп отыр. Шара мақсаты — түрлі салада жұмыс істейтін дарынды жастарға қолдау көрсету, жетістіктерін насихаттап, рухын көтеру дейді ұйымдастырушылар.
Ерлан Айтбаев, Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры: «Әрбір жасқа осы 1 жылда жасаған еңбегі, 1 жылда халыққа, қоғамға жасаған бейнетін бүгін қала әкімі өзі қатысып, 30 жасты марапаттады. Бүкіл саланы қамтыдық деп айта аламын. Бұл да бір жастарға серпіліс қой ары қарай дамуына, қозғалуына. Бұл дәстүрлі түрде жылда осы 16 желтоқсан Тәуелсіздіктің қарсаңына жылда өтетін іс-шара. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 номинация. Үздік жастарды шын жүректен құттықтағым келеді! Шынымен, әрбір жас – үздік!».
Бұл жылы «Үздік жастар-2021» премиясына қатысуға 14 пен 29 жас аралығындағы 168 үміткер өтінім білдірген. Номинация жеңімпаздарына диплом мен 100 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтар табысталды.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мереке қарсаңында «Үздік жастар» премиясын табыстағалы отырмыз. Елімізді дамытуға бағытталған түрлі бағдарламаға қатысушы әрі жүзеге асырушы – бұл жастар. Шымкент – жастардың қаласы. Өз саласының нағыз шеберлерін жеңістерімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!».
Бүгінде Шымкентте 239 мыңнан астам жас бар. Бұл қала тұрғындарының 23 пайызын құрайды. Қазіргі таңда олар үшін мегаполистің 4 ауданынан жастар ресурстық орталығының бөлімшелері ашылған. Шаһар басшысы алдағы уақытта да осы сынды іс-шараларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Гүлдана Дәурен