«Жарнамалық мәтін қазақ тілінде қатесіз жазылуы керек»

107

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Көрнекі ақпаратқа қатысты енгізілген түзетулер мақұлданды. Ал құжаттың діни қызметке арналған бөлігіне бірқатар өзгеріс енгізіп, заң жобасын мәжіліске кері қайтарды.

Елімізде енді жарнамалардың қазақ тілінде дұрыс жазылуына ерекше назар аударылады. Екі оқылымда мақұлданған заң жобасы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және көрнекі ақпараттарға қатысты қателерді болдырмауға, оның алдын алуға септігін тигізеді екен. Ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сай және түпнұсқасына сәйкестігін сақтау арқылы қатесіз жазу қажет болады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
«Бүгін қаралған заң жобасы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатымен көрнекі ақпаратты жазуға қойылатын талаптарды нақтылайды. Бұл көлік және сауда саласында, дәрі-дәрмектер мен медициналық заттарды таңбалауға, пошта қызметтерін көрсетуге қатысты. Сонымен қатар, әкімшілік-аумақтық бірліктердің тарихи қалыптасқан атауларының жазылуына қойылатын талаптарды белгілейді».

Қоғамда тіл саясатына деген дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін әзірленген заң жобасы аясында физика-географиялық объектілердің атауын жазуға қатысты нормалар қарастырылды. Алайда өзге тілде аталатын елді мекен атауы өзгертілмейді екен. Яғни, сол күйінде жазылады дейді министр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және Ғылым министрі: «Мысалы, Мичурино ауылы сол күйі қалады, қазіргідей Мичурин ауылы деп өзгертілмейді. Андреевка ауылы Андреев деп жазылмайды. Монастырская көшесі Монастырь көшесі деп аударылып жүр, енді ол Монастырская деп өзгеріссіз қалады. Мәселен, Аққулы деген ауыл болса, оны Лебяжье деп аудармай, сол күйі Аққулы деп жазамыз. Орал қаласы «Уральск» емес, Орал қаласы ретінде түпнұсқамен жазылады».

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша жол белгілері де қазақ тілінде жазылуы керек. Тек туристер келетін аймақтарда ғана екі тілде жазу заңдылығы сақталады екен.

                                                                                                Мөлдір Ибадуллаева