226 млн. теңге: Шығын көлемі екі есеге артқан

70

Қаңтардың басында орын алған тәртіпсіздік салдарынан Шымкент бизнесіне келтірілген шығын көлемі екі есеге артты. Яғни, 226 миллион теңгені құраған. Бұл туралы Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді. Қазір қаладағы зардап шеккен бизнес орталықтарының көпшілігі жұмысын қайта бастап жатыр.

Тәртіпсіздік болған күні қарақшылар кәсіптік нысандарға да да шабуыл жасаған болатын. Олар сауда орталықтарынан ішімдік, тәттілер, гигиеналық құралдар, тұрмыстық техникалар сынды заттарды алып шыққан. Және банкоматтарды да қиратып кеткен еді.

Ян Нагибин, сауда орталығы директорының орынбасары: «Олар барлық кассаларды қиратып бірнеше жерге өрт қойды. Соның салдарынан көптеген тауарлар бүлінді. Бизнеске шығын келді».

Сауда орталығының сөрелерінде әзірге өнімдер толық болмағанымен сатып алушылар қайта келе бастаған. Қызметкерлер тәртіпсіздіктің салдарын жоюға бір апта уақыт кеткенін айтады. Ал Шымкентте қазір 13 кәсіпкерлік нысан қалпына келтірілген.

Сәбира Атамбекова, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Бүгінге дейін қаламызда тәртіпсіздіктен зардап шеккен 24 кәсіпкерлік нысан анықталды. Бұл негізінен сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, құрылыс, көлік және қаржы секторлары, банкоматтар және терминалдар».

Біржан Әзімбердиев, Шымкент қалалық Кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары: «Әзірге кәсіпкерлер зардап шеккен нысандарды өз қаражатына қалпына келтіріп жатыр. Бұл үшін республикалық деңгейде қор құрылды. Сол қорға жиналған қаражаттан олардың шығыны өтеледі».

Мерген Тәпиев қаладағы пицериялардың бірін басқарады. Сол күні тонаушылар оның дәмханасына терезесін сындырып кірген. Сол жерде тамақтанған олар қайтарда тұрмыстық техника мен басқа да заттарды алып кеткен.

Мерген Тәпиев, жеке кәсіпкер: «Өткенді еске түсірудің қажеті жоқ. Қазір жұмысымызды бір қалыпқа салдық. Келушілерге қызмет көрсетіп жұмысымызды жалғастырып жатырмыз».

Қазір қалада жағдай тұрақты. Айта кетейік, Шымкентте тәртіпсіздік салдарынан кәсіпкерлерге келген шығынды есептеу әлі де жалғасып жатыр.

Жанерке Хумар