Депутат: Байлар мен кедейлер арасында әлеуметтік алшақтық бар

161

Парламент Мәжілісінің депутаттары бірыңғай энергетикалық жүйенің ортақ нарығын құрудың ратификациялық заң жобасын мақұлдады. Бұл құқықтық ірі энергетикалық жүйенің құрылуына сеп болады. Сондай-ақ, атқамінерлер қазір елде байлар мен кедейлер арасында әлеуметтік алшақтық бар екенін айтты.

ҚР Парламент мәжілісінің кезекті отырысында бірқатар мәселелер қозғалып, депутаттық сауалдар жолданды. Халық қалаулылары елдің жағдайы жақсы болуы үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, демеу қажет екенін айтады. Депутат Азат Перуашев бизнесін дөңгелетіп отырған жандарға тиіспей, керісінше миллиардтап қаржы ұрлаған азаматтарға жіті назар аударып, түпкілікті айналысуды ұсынды. Алайда, атқамінер ешкімнің атын атап, түсін түстеген жоқ.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Салық қызметкерлері шағын бизнесті қысымға алып жатыр. Бірақ сіздер дұрыс істеп жатқан жоқсыздар. Бұл адамдар бюджеттен қаржы ұрламайды, оны жасырмайды, кеме немесе ұшақ сатып алмайды. Шағын бизнесті қорқытқанша, миллиардтап қаржы ұрлаған адамдарды бақылау керек емес пе?!».

Халық қалаулысы Ұлттық экономика министріне жолдаған сауалында Президент тапсырмасын орындау барысында кәсіпкерлерге патентке қаражат бөлгеннен кейін бақылауды сұрады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ең маңыздысы, адал бәсекелестік, сыбайлас жемқорлықтан қорғау және түсінікті салық салу керек. Алайда, өкінішке орай, салық салуда біз жұмыстың күрделенуі мен өзгеріске ұшырауын. Сонымен қатар, көптеген кәсіпкерлер мемлекеттен патент үшін қаражат алып, ол істі аяғына жеткізбейді. Қанша ақша желге ұшты. Осы мәселені де ескеру қажет!».

Естеріңізде болса бұған дейін, мемлекет басшысы табысты компаниялар мен бай адамдар тобына халыққа жүйелі әрі тұрақты түрде көмектесетін уақыт келгенін айтқан еді. Және Үкіметке олардың «Қазақстан халқына» қорына аударатын жарна мөлшерін анықтаңдар» деген тапсырма берген. Президент тапсырмасынан кейін, бай-бағландар мен кәсіпкерлер қорға қаражат аударуды бастап та кетті.

Мәжіліс отырысында энергетика тақырыбы да қозғалды. Депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Нұрлан Нығматулин Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай энергетикалық жүйесін құру кезінде Қазақстанның мүддесі ескерілуі керек екенін ерекше атап өтті.

Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: «Бірыңғай энергия жүйесін құру ол, әрине, керек нәрсе. Оған ешқандай  күмән жоқ. Ол – бәсекеге қабілетті арттыру үшін керек. Ол, жалпы, осы секторды дамытуға жол  ашады. Бірақ та, осы, бірыңғай энергия жүйесін құрғанда, ең бастысы, өз еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін сақтап қалуымыз керек. Ол, өте манызды мәселе».

Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жеке энергетикалық қуат көздерін дамытуды талап ететінін айтты. Ол үшін Энергия көздеріне толық техникалық аудит жүргізіп, ұзақ уақыт жұмыс істеп тұрған негізгі өндіруші қуаттарды жаңғырту бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігіне тоқталды.

Гүлдана Дәурен