Мүгедектігі бар адамдарды партия тізіміне қосу туралы заң жобасы мақұлданды

80

ҚР Парламент Мәжілісі «ҚР Сайлау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Онда әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтарды саяси партия тізіміне қосу және депутаттық мандатқа ұсыну мәселесі айтылған. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің кезекті отырысында Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді.

ҚР Парламент Мәжілісі әйелдерді, 29 жасқа толмаған жастарды және мүгедектігі бар азаматтарды партия тізіміне қосу туралы заң жобасын мақұлдады. Яғни, әр партия құрамында аталған 3 категориядағы жандарға 30 пайыз квота бөлінуі керек. Мақсат – биліктің заң шығарушы тармағында жоғарыда аталған азаматтардың болуын қамтамасыз ету.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі: «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заң жобасы әзірленді. Конституциялық заң жобасы әйелдер, 29 жасқа толмаған адамдар және мүгедек азаматтар үшін 30 % квотадан басқа, оларды парламент мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттілігін бекітуді көздейді».

Ал айтулы квотаны 3 категорияның арасында бөлу мәселесі әлі қарастырылмаған көрінеді. Министр оны саяси партиялардың өзі шешетінін айтты. Дегенмен, мүмкіндігінше пайызға бөлмеген дұрыс, бірақ бұл мәселе әр аймақ пен партияға тікелей байланысты дейді.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі: «Бұл түзетулер әйел, жастар, ерекше қажеттілігі бар адамдардың еліміздің заң шығару органында өкілдігін кеңейту үшін маңызды қадам болып саналатынын атап өткен жөн. Бұл заңдардың сапасына сөзсіз әсер етеді».

Депутаттар әділет министрінен «егер партия құрамына аталған 3 категориядағы адамдарды қосу талабы орындалмаған жағдайда қандай шара қолданылатынын» сұрады.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі: «Аталған тұлғаларды саяси партия өздері қабылдайды. Және мемлекет бұл жұмысқа араласпайды. Міндетті квоталық норма талабын орындамау әрекеті Заң жүзінде қарастырылмайды».

Сондай-ақ, министр мүгедекті бар азаматтардың не себепті маслихат депутаттығына кандитат бола алмайтынын айтты.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі: «Заң жобаларын талқылау барысында саяси партиялардың өкілдері Өңірлік деңгейде квотаны қамтамасз ету туралы алаңдаушылық білдірді. Сол себепті аталған шешімді маслихаттарға таратпау туралы шешім қабылданған».

Алдағы уақытта депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де квота есепке алынады. Ал Заң жобасы аясында партия тізіміне 1 адам тек 1 категориямен ғана өте алады.

Еске салайық, мемлекет басшысы 2021 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында сайлау тізіміндегі квоталық норманы енгізу туралы ұсыныс жасаған еді.

Гүлдана Дәурен