Біздің келесі материалымыз шетелде доп теуіп, шеберлігін шыңдап жүрген қарапайым қазақ баласына арналады. Бала күнінен футболға ерекше қызығушылық танытқан Олжас Ибадуллаев бүгінде Испанияның «Кадиз» футбол клубында ойнап жүр. Қазақ футболының дамуына үлес қоссам деген жас футболшы жөнінде толығырақ алдағы бейнесюжетте.
Бүгінде елімізде футболға қызығатын жастардың саны артып келеді. Олардың қатарында осы спорт түрінен шеберлігін шыңдау мақсатында шетел асып, білім алып жүргендер де бар. Осындай ізденімпаз жеткіншектердің бірі — Олжас Ибадуллаев.
Бала күнінен ала допты жанына жақын көрген ол, бүгінде Испанияның Санта Мария қаласындағы «Кадиз» клубының «Нехстартс» футбол академиясында ойнап жүр. Жас футболшы, бұл салаға қызығуының басты себебі, елімізде футбол спортын дамытуға өз үлесін қосу екенін айтады.
Талабы биік жеткіншектің аудандағы жаттықтырушысы Дүйсенбек Қалдыбаев шәкіртінің негізгі ерекшелігі қайтпас қайсарлығында екенін айтады. Сондай-ақ, ол Олжастың болашақта ел намысын қорғайтын даңқты аяқдоп шебері болатынына сенімді.
Шетелдің шаршы алаңында теңбіл допты домалатып, ел мерейін асқақтатып жүрген Олжас Ибадуллаевтың болашағынан ата-анасы да үлкен үміт күтеді. Есімі аңызға айналған спортшылардың жолын қуып, болашақта Қазақстанның атын әлемге танытсам деген арманын арқалап жүрген бозбалаға біз де сәттілік тілейміз.
Аида Қарсыбайқызы