Шымкент қаласындағы 221 бала ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңажылдық сыйлықтары мен құттықтау хатын алды.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов солардың ішінде екі баланың отбасыларына арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан келген жаңа жылдық құттықтау хат пен сыйлықтарын табыстады.
— Жас дос! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бұл мейрам өзіңе естен кетпес ерекше қуаныш әкелсін! Сенің болашағың жарқын, өйткені Тәуелсіз Қазақстанның перзентісің. Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін! Сабағыңды жақсы оқып, әрдайым көздеген мақсатыңа жет! Достарың көп болсын! Аңсаған армандарың орындала берсін!, — делінген құттықтау хатта.
Балаларға Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы баяндалған «Самырұқ құсының сиқырлы қауырсыны» атты кітап пен тәттілер жиынтығы және ақшалай сертификат үлестірілді.
Сый-сыяпаттарға ие болған мегаполистің кішкентай тұрғындары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстары мен тілектерін жеткізді.
Қалған балаларға сыйлықтар өз мектептерінде тапсырылды. Мерекелік шара эпидемиологиялық-санитарлық талаптар ескеріле отырып ұйымдастырылды.
Президент сыйлығына ие болған балаларды әрбір мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңестер анықтады. Бұл кеңестерге ата-аналар, депутаттар мен кәсіпкерлер кіреді. Кеңес мүшелері жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 221 оқушыны іріктеп алды. Іріктелген тізім білім басқармасы жанынан арнайы құрылған комиссияның қарауынан өтті. Коммиссия құрамына «Адалдық алаңы» өкілдері, қоғам белсенділері және блогерлер енді. Бұдан бөлек, тізімді жасақтау отырысына қоғамда белсенділік танытып жүрген көпбалалы аналар бақылаушы ретінде қатысты.