Шымкентте жарақат алған полицейлер қызметін жалғастыруда

106

Шымкент қаласында орын алған жағдайға байланысты тәртіп бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Полиция департаментінің қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген күн тәртібінде қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін толығымен жұмылдырылған болатын.

Қызметін атқару барысында 45 полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оның ішінде 2 қызметкер аурухананың жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта арнайы бақылаудағы палатаға ауыстырылған.
Жарақат алған сақшыларға дәл жұмыс орнында медициналық көмек көрсетіліп, жұмыстарын жалғастырған. Алынған түрлі жарақаттарына қарамастан, бұл қызметкерлердің барлығы өз еркілерімен тұрғындардың тынышы үшін әріптестерінің қатарынан табылатынын жеткізіп, қызметтеріне қайта кіріскен.
Атап айтқанда, дәрігердің бақылауында болуы тиіс тәртіп сақшылары, аяқ-қолдарының ауыр жарақат алғанына қарамай, азаматтардың қауіпсіздігін күзету үшін қайта шығып, қазіргі уақытта ел алдындағы парызын орындауда.
Олардың бірі – Патрульдік полиция полкінің взвод командирі Бауыржан Қасымов. Полиция аға лейтенантының оң қолына тас тиіп, сынған. Бірақ полицей қызметтестерінің жанынан табылып, жұмысын атқаруда.
«6-қаңтар күні бұзақылардың бірі маған қарай үлкен тас лақтырды. Қорғану мақсатында бетімді қолыммен жапқан кезде, тас қолыма тиіп, алақаным сынды. Жедел жәрдем қызметкерлері қолыма гипс салды. Алған жарақатым жаныма батса да мен бірден қызметіме өз еркіммен қайта оралдым. Бұл іс-әрекетімді ерлік деп санамаймын. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!», – деді тәртіп сақшысы.
Айта өтетін ақпарат, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы жағдай қалыпты.
Құқыққорғау органдарының қызметкерлерімен қала аумағы толығымен бақылауға алынып, заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде.
QAINAR KÓZШымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі