Шымкентте бетон плита жалдамалы жұмысшыны басып қалды

259

Бүгін Шымкентте сағат 12:25-те «112» Құтқару қызметінің пультіне бұрынғы көкөніс базасының аумағында бетон плита опырылғаны туралы жолаушыдан хабар түсті.

Оқиға орнына Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 6 құтқарушысы мен қызметкерлерінен тұратын жедел-құтқару жасағы Еңбекші ауданы, Сасбұқаев көшесі бойына аттанды. Келген құтқарушылар бұрынғы «Көкөніс базасы» аумағында «Кулиев» ЖК-не тиесілі сауда үйінің құрылысы кезінде 400 шаршы метр аумаққа бетон плиталардың төбесі опырылып түскенін анықтады.

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тумасы 37 жастағы жалдамалы жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Ол бетон плиталардың астында қалған. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері марқұмның денесін үйінді астынан шығарып алды.

Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері, 6 қызметкер, 1 бірлік техника, ОСО-ның 1 кинологы, Апаттар медицинасы орталығы филиалының бір бригадасы жұмыс істеді.