Талқыға түскен танымал суреттегі жауынгер кім?

279

Қалада орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде «Отырар» телеарнасының түсірілім тобы кішкентай баланың әскери қызметкерге жақындап, амандасқан сәтін түсіріп алған еді. Бейнесюжеттен алынған суретті желі қолданушылары әлем халықтарының бірлігінің символы деп атауда. Көпшіліктің талқысына түскен суреттегі жауынгер кім?

Бұл видео әлеуметтік желіде таралып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Жантебірентер видеоны қаладағы тәртіпсіздіктен кейін «Отырар» телеарнасының операторы Амантай Әуелбеков түсірген. Онда кішкентай бала әскери қызметкермен амандасу үшін жүгіріп барады.

Бейнесюжет жарияланғаннан кейін, видеодан алынған стоп-кадр лезде әлеуметтік желілерге тарап кетті. Көрген жандар бұл суретті тек Қазақстанның ғана емес, әлем халықтары бірлігінің символы деп атауда.

Суреттегі жауынгер Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінде 10 жылдан бері қызмет етеді. Шахрух Хасанов кішкентай балалар әскери қызметтегі азаматтарға жиі келетінін, қару-жараққа қызығып, суретке түскісі келетінін айтады. Дегенмен ол, балақайдың ержүректігіне таң қалғанын жасырмады.

Бұл оқиғадағы ең сүйкімді кейіпкер Алихан 2 жаста. Әкесі Аманбай Спаналиевтің айтуынша балақай, адамдарды жатырқамайтынын, өте зерек екен.

Аманбай Спаналиев, әкесі: «7 күні сағат 10-11-лер шамасында мен үйде интернет жоқ болған соң, далаға таза ауа жұтуға шыққым келді. Балам да барам деген соң, ертіп шықтым. Ойымда ештеңе жоқ, алаңға барайық дедім. Балам жүгіріп барып, әскери адамдардың 2-3 амандасты. Біз байқамадық бізді түсіріп жатқанын».

Ал суреттегі ефрейтордың өзі отбасылы, 2 ұлы бар. Бірнеше күн жанұясымен қауышпаған ол сол кезде балаларымды сағынып жүр едім дейді. Ал әлеуметтік желі қолданушылары әлі күнге дейін әсерлі суретті өз парақшаларына салып, жариялап жатыр.

Гүлдана Дәурен