«Тұрғын мен терроршының аражігін ажыратып алу керек»

73

Сенатта қаңтардың оқиғалары кезінде ұсталғандарды қорғау және құқықтық қолдау мәселесі талқыланды. Сондай-ақ , жастарға патриоттық тәрбие беру туралы және жалпы Қазақстандағы адамдарға жайлы өмір сүру үшін не істеу керектігі жайлы да айтылды.

Қазақстан үшін заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасаудың маңызы зор. Бұл бір жағынан еліміздің экономикасына тиімді. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осылай деп мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, мұндай тәсіл отандық кәсіпкерлерге өз ақшасы мен уақытын үнемдеуге жол ашады. «Осы келісімді ратификациялау арқылы келісімге қатысушы елдерде сынақтар бойынша қосымша рәсімдер жүргізілместен, Қазақстанда әзірленген стандартты үлгілерді тануға мүмкіндік береді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Мемлекетаралық мәртебесі бар осы келісімді ратификациялау, метрология саласындағы өлшеу нәтижелеріне деген сенімді арттырып, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекетаралық стандартты үлгілер экономиканың түрлі салаларында сұранысқа ие және кеңінен қолданылады. Ұлттық тізілімде 634 стандартты үлгі тіркелген. Оның ішінде, 337 стандартты үлгі Мемлекетаралық стандартты үлгілер тізіліміне енгізілді. Биыл Стандарттау және метрология институты 163 стандарттық үлгілерді әзірлеген екен. Олар Мемлекетаралық стандартты үлгілер тізіліміне енгізілген».

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп 30 жыл ішінде ұлттық идеология мен тәрбиеде үлкен олқылық жіберілгенін айтты. Ол әркім көрпені өзіне тартып жүргенде, ұлттық тәлім-тәрбие жайына қалды дейді.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Сенат депутаты: Менің Қазақстаным, менің мемлекетім деген Отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар балалардың тәк-тәк деген тыйымдарымен емес, негізінен Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізеттің орнына, жаппай қатыгездік, алауыздық, алдап-арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық орнықты».

Сенатор Ләззат Сүлейменова құзырлы органдары «Қасіретті қаңтар» оқиғасын тергеу кезінде ашық, әрі обьективті болуға шақырды. Ол бейбіт шеруге шыққандар мен тәртіпсіздікті әдейі жасағандардың ара-жігін нақты ажырату керек дейді.

Ләззат Сүлейменова, Сенат депутаты: «Мемлекетіміздің конституциялық негізіне балта шапқысы келген лаңкестердің жоспарлаған әрекетіне бейбіт шерушілердің қолжалғау болғаны белгілі. Осы ретте әр факт жіті зерттеліп, тексеріле отырып, құқық қорғау органдарына жеткізілген және ұсталған адамдардың Қазақстан Конституциясының 13 бабына сәйкес қорғалуына және ақысыз білікті заң көмегін алу құқығы қамтамасыз етілуі міндетті».

Депутат Мұхтар Жұмағазиев утиль алымы фермерлерге және бүкіл ауыл шаруашылығына зиян келтіріп отырғанын айтады. Сондықтан кәдеге жарату алымының коэффициенттерін ертерек төмендетіп, ауыл шаруашылығы техникасы үшін кедендік баж салығына уақытша мораторий енгізуді сұрады.

Мұхтар Жұмағазиев: «Техниканы әкелу кезінде фермерге техника құнының 25-30 пайызына тең сомада бастапқы жарнаны және кәдеге жарату алымын төлеуге тура келеді. Мәселен, тракторлар бойынша орташа алым мөлшерлемесі 11 млн. теңгеге дейін, ал комбайндар бойынша әр данасына 22 млн. теңгеге дейін жетеді, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі болып отыр».

Қазірше үкімет басшысының атына салмақты сауалдар жолданып жатыр. Ал нәтиженің қандай болмағы, уақыттың еншісінде.

Әлихан Файызхан