«Ұлттық ұлан» сарбаздары бұзақылықтың қалай басталғанын айтып берді

163

Бүгін Шымкенттегі 6506 әскери бөлімі жаппай тәртіпсіздіктен мерт болғандарға арнап бір минут үнсіздік жариялады. Іс-шарада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының бірінші орынбасары Шымкент тұрығындарына қорқуға себеп жоқ екенін хабарлады. Әрі бұзақылық кезінде үшінші мегаполистің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен «Ұлттық ұлан» сарбаздары жағдайдың қалай болғанын айтып берді.

Бұл Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен «Ұлттық ұла»н сарбаздары. 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері бейбіт шерумен басталған бұзақылықта құқық қорғау орган өкілдерімен иық тіресе ерлік көрсетті. Антқа берік, отанға адал қызмет етеміз деген ел азаматтары сол күнгі жағдайдың қалай болғанын баяндап берді.

«Террористердің лаңкестік шабуылы кезінде саптық алаңда жеке құрамда бірге қызмет еттік. Мен де сол жерде болдым. Алғашында бейбіт шеру болды. Адамдар көп болды. Халық басында білмеді. Лаңкестер бар екенін білмеді. Кейіннен оны түсініп, бейбіт халық артқа жылжыды. Тек террористер қалды алаңда. Бізге белгі түсті. Біз қорғаныс құралдарын алып бірден әкімшілікке жол тарттық. Ол кезде біздің ең бірінші көрген бейнеміз қарапайым халық әкімшілікке және полиция қызметкерлеріне әлімжеттік көрсетіп жатқан бейнені көрдік. Ол кезде бізде басымызға шілем киім, артқа қайтпай тек алға жүріп отырдық. Қарапайым халық, террористер бізге тас лақтырып жатса да шегінбедік. Өз антымызға адал екенімізді дәлелдедік», дейді қатардағы жауынгер.

Жалпыұлттық аза тұту күнінде мерт болған қызметкерлердің рухына арнап бір минут үнсіздік жарияланды.

Талдықорған қаласында қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан Айбат Амановтың сыныптасы Сабыржан Кенжебек қарулас досының ата-анасына көңіл айтты. Соңғы рет оны 2021 жылдың шілде айында көрдім деген сарбаз Айбаттың мектеп кезінде үздік әрі белсенді болғанын жеткізді.

Сабыржан Кенжебек, 6506 әскери бөлімінің жауынгері: «Қаңтар айының 5 жұлдызында болған қақтығыс салдарынан жан тапсырған Қарағанды облысындағы менің сыныптасым, жан досым Аманов Айбат Ерболұлының ата-анасына қайғырып көңіл айтамын. Ол мектепте үздік және белсенді оқушы болатын. Жақсы араласатын едік. Екеуміз бір мектепте оқыдық. Бірге барып, бірге келетін едік. Мен оны соңғы рет жазда көрдім».

«Оңтүстік» өңірік қолбасшысының бірінші орынбасары Шымкент тұрғындарына алаңдауға себеп жоқ екенін жеткізді. Бекайдар Қаскеев мегаполистегі жағдайдың тұрақты екенін әрі «Ұлттық ұлан» сарбаздары қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырғанын хабарлады.

Бекайдар Қаскеев,  «Оңтүстік» өңірік қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы: «Шымкент қаласының тұрғындары қорқатын ештеңе жоқ. Жағдай тұрақты. «Ұлттық ұлан» барлығына дайын. Құқық қорғау органдары мен ішкі істер органдары, «Ұлттық ұланмен» бірлесіп бұл тұрақтылықты сақтап қаламыз. Қорқатын ештеңе жоқ».

Айта кетейік, елде орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде «Ұлттық ұланның» 2 жас сарбазы көз жұмған еді. 2002 жылы дүниеге келген қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров 5 қаңтарда Қызылорда қаласындағы қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша жауынгерлік міндетін орындау барысында ауыр жарақат алып, қаза тапты.

Ал 2003 жылғы Гвардияшы Айбат Аманов Талдықорған қаласындағы заңдылықты қалпына келтіруге қатысып, бұзақылар мен мародерлерге бетпе-бет келген.

Мөлдір Ибадуллаева