ҰҚШҰ әскері Қазақстанға қауіпті ме?

142

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрап, елге айтулы ұйымның 2 030 әскері мен 250 техникасы кіргізілген еді. Елде бұл жайтқа байланысты екіұдай пікірлер қалыптасты. Бірі мұны дұрыс деп есептесе, кейбірі керісінше қарсылық білдіріп жатты. «Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері» одағының төрағасы әскердің не үшін келгенін түсіндіріп берді.

Өзге елдің әскері Қазақстанға қаншалықты қауіпті? Бұл сауал елде орын алған бұзақылық кезінде халықты одан сайын үрейлендіре түсті. Тіпті, арандатушылардың сөзіне ерген жұрт ҰҚШҰ әскері елге кірмесін деп ұрандатты. Ал бүгінде Шымкент тұрғындарының бұл мәселе тұрғысында қандай пікірде?

«Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері» одағының төрағасы Мемлекет басшысының бұл шешімін дұрыс деп санайды. Себебі, бұзақылық жасағандардың ішінде тек Қазақстан азаматы емес, шетелдіктер де болды. Дегенмен, халықтың алаңдауына ешбір себеп жоқ дейді төраға.

Шәріпбай Өтегенов, «Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері» одағының төрағасы: «Қауіпсіздік тек Қазақстанға ғана керек емес, мына қасымыздағы елдерге де қауіпті болды. Олар Қазақстанда орналасып, ертең зияндары Қырғыстанға да тиетін еді, Тәжікстан мен Өзбекстанға тиетін еді. Қасымыздағы Ресейге де қауіп төнер еді. Сондықтан олар тек қана біз үшін емес, өздері үшін де келді бізге».

Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қаңтардан бастап ҰҚШҰ әскері елден біртіндеп шығарыла бастайтынын хабарлады. Контингентті шығару процесі он күннен аспайды деді президент. Яғни, елдегі жағдай тұрақталды. Қазақстанның бірнеше өңірінде төтенше жағдай режимі де алынды.

Шәріпбай Өтегенов, «Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері» одағының төрағасы: «Олар өздерінің қойған мақсаттарына жетті. Бізге көмек көрсетті. Енді қазір өзіміздің жағдай жетеді. Өзіміздің күшіміз де жетеді. Біздің әскерлерді де жерге ұруға болмайды. Біздің әскерлердің де шамасы келеді. Біз өз әскерлермізге сенеміз».

Айта кетейік, ел президенті 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста құрамына Қазақстан кіретін ұйымнан көмек сұраған еді. Кеңестің шешімімен Қазақстанға ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2 030 адамы мен 250 техникасы келді.

Мөлдір Ибадуллаева