«Уланып қалдық»: Дезинфекциялау жұмыстарын ескертпестен жасаған

81

Шымкентте көршісінің пәтерінде жасалған дезинфекциядан соң бір отбасы уланып қалды. Салдарынан жанұядағы бір бала ауруханаға жатып шығуға мәжбүр болған. Зардап шегуші көршісінің залалсыздандыру жұмысын ескертпестен жүргізіп, кетіп қалғанын айтады. Енді бұл іске полиция араласып жатыр.

Мына тұрған екіқабатты пәтерде қайғылы жағдай орын алуға шақ қалған. Осыдан бірер күн алдын төменгі қабатындағы тұрғын қандаладан құтылу үшін үйіне залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл туралы көршілеріне ескертпеген. Салдарынан иіс жоғарғы қабатқа жетіп, ондағы көршілердің балалары уланып, ауруханадан бір-ақ шыққан.

Мария Платонова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мынаның иісінен басымыз ауырып, құсып, лоқсып жатырмыз. Шыдау мүлдем мүмкін емес. Бізге ештеңе деп ескерткен жоқ, бәрі заң аясында жасалып жатыр дейді. Мен ертең тағы да дезинфекция жасайды деп естідім, сонда бізді тағы уламақшы ма?».

Зардап шегуші көршісінің пәтерін түннің бір уағында залалсыздандырып жатқан дезинфекторларды байқап қалып, тілдескісі келген. Бірақ олар үй иесімен сөйлесу керек екендігін айтып, есігін тарс жауып, жұмысын әрі қарай жалғастыра берген.

Көршісі болса, үйінде бірнеше күннен бері жоқ, онымен байланысу да мүмкін болмады. Сондықтан бұған полиция мен СЭС мамандары және әкімдік қызметкерлердің араласуына тура келді.

Тамара Алдабергенова, Еңбекші аудандық санитарлық эпидемологиялық бақылау басқармасының бас маманы: «Қазір біз анықтап жатырмыз, көршісінің нөмірін алдық, қандай мекемемен, қандай дезқұралмен жасағандығын анықтау үстіндеміз және де біз қазір зертханалық аспаптық зерттеу жүргізуге лабороториядан шақыртып қойдық және соның нәтижесін күтеміз».

Санитарлық эпидемологиялық бақылау мамандары үйіңізге дезинфекция жұмыстарын жүргізерден алдын көршілерге ескерту керектігін айтады. Сондай-ақ, бұл міндетті тек рұқсаты бар мекемелерге сеніп тапсыру қажет.

Алихан Файзханов