Утилизация: Жеңілдік сертификаты жарамсыз болып қалды

64
Crane picking up car

Шымкентте көліктерін утилизацияға өткізген ондаған адам шағым айтты. Олар тапсырылған ескі техниканың орнына алатын жеңілдік сертификаты жарамсыз болып қалғанын айтады. Ал бұл өз кезегінде жаңа автокөлік алуға қолбайлау болып отыр дейді олар. Оның үстіне, утилизиация алымын алып тастаудың, ауыл шаруашылық саласына да тигізер әсері бар көрінеді.

Ержан Алтынбеков жақында ғана утилизацияға көлігін өткізген екен. Айтуынша, тапсырған ескі техникасы үшін берілетін жеңілдік сертификаты енді жарамсыз болып отыр. Ал бұл ілгеріде жаңа автокөлікті қолжетімді бағада алуға мүмкіндік беретін еді дейді. Утилизация алымын алып тастау туралы шешім шыққалы, сол бір жапырақ қағаз ешқайда жарамай қалды деп ашынады ол.

Ержан Алтынбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жеңіл автокөлік тапсырғанмын мен өзім. Соның сертификатын алып, жаңа автокөлік алуға тапсырайын десек, соны қабылдамай жатыр. Менің қолымдағы тұрған сертификат 750 мың теңгеге бағаланады».

Жиналғандар «кәдеге жарату» бағдарламасының әсері әсіресе ауыл шаруашылығына қаттырақ тиіп жатыр дейді.

Надыржан Хасантаев, кәсіпкер: «Ескі ауыл шаруашылық техниканы қабылдауды тоқтатып қойған. Ағаларымыз бар, өзіміз бар тракторымыз жарамсыз болғаннан кейін әкеп өткізіп, жаңалаймыз деген ниетте, көктем кеп жатыр. Алқапқа жаңа трактор саламыз дегендер мына тұраққа әкеп қойғанбыз, өткізу керек. Егер де жұмыс созылатын болса, алқапта істейтін тракторымыз жоқ, қымбатшылыққа әкеледі».

Мұнда жарамсыз көліктері утилизициядан өтіп үлгермеген жүздеген техника қабылдау орталығының тұрағында қаңтарылып тұр. Жиналған көпшілік тұраққа беретін ақыдан бөлек, шалғайдан артып әкелген техниканың құны қалтаға әжептеуір салмақ түсіреді дейді.

Ержан Алтынбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қазір кешіктіріп жатқаны жалпы қарапайым халыққа өте кері әсерін тигізіп жатыр. Өйткені, Сарыағаштан, Жетісайдан тракторларын өткізе алмағандықтан, осы жерге жеке меншік арендаға ақша төлейміз. Бір комбайнды Сарығаштан 100 мың теңгеге әкелді жоқ дегенде. Ал бұны осы жерге әкеп күніне мың теңге төлегенде қанша сумма кері кетеді».

Біз осы мәселемен Шымкенттегі автоорталықтардың біріне хабарласып көрдік. Олар, қазіргі таңда жеңілдетілген сертификатты қабылдап жатқан жоқ екендігін растап отыр.

Автосалон call-centre: «Өкінішке қарай, біз қазір сертификатты қабылдай алмаймыз. Утилизация компаниясы жұмыс істемейінше, қашан қабылдайтынымыз әзірге белгісіз».

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, автосалондар жеңілдік сертификатын қабылдаудан бас тартып, заңды бұзып отыр.

Сергей Уткин, заңгер: «Адамдар қолында бар жеңілдік сертификатымен сотқа шағымдануы тиіс. Мен соттың автосалон өкілдеріне жеңілдік жасауға міндеттейтініне толық сенімдімін».

Мемлекет басшысы осыдан 3 күн бұрын утилизация алымын алып тастауға бұйрық беріп еді. Бұдан былай бұл жұмысты жеке кәсіпорын емес, мемлекет атқаруы керек деді ол. Ал экология министрлігі болса, осы жобаны іске асыруды бастағанын мәлімдеді.

Әлихан Файызхан