«Жағым ауырғанда, жанымды қоятын жер таппайтын едім»

57

Шымкентте адамның бет-әлпетіне бірегей ота жасалады. «Үштік нервтің неврологиясы» аталатын ауру түріне Шымкентте бұрын соңды операция жасалып көрген емес. Дегенмен, жай ғана тістің ауыруынан басталатын бұл дерт, шапшаң түрде жүйелі емдеуді қажет етеді екен.

«Жағым ауырғанда, жанымды қоярға жер таппайтынмын». Осылай деген 61 жастағы Аягөз Талғараева ота жасатып дертіне шипа тапқанын айтады. Сөзінше, 1 жыл бұрын жағы, бетінің айналасы ауыра бастаған. Ол уақыт өте бет-аузымды тек орап жүретін жағдайға жеттім дейді.

Аягөз Талғараева, Түркістан қаласының тұрғыны: «Бірден приступ ұстап қалады. Мен де бұл ауруды бірінші рет көріп отырмын. Енді мына жағым ауырғанда дірілдеп, кәдімгі ток сияқты тартып, 1 жыл болды шыдай алмадым. Қазір Құдайға мың да бір шүкір, рақмет, жақсы!».

«Бұл ота қиын әрі 3 сағатқа созылады». Ұлттық нейрохирургия орталығында 11 жыл жұмыс істеген Еркін Жолдасбекұлы осылай дейді. Ол, осыдан 5 ай бұрын елордадан Шымкент қаласына қызметін ауыстырған. Нейрохирургтың айтуынша, үшінші мегаполисте үштік жүйкенің неврологиясымен ауыратын науқас саны көп. Алайда, тұрғындардың басым бөлігі мұндай отаның Шымкентте жасалатынын білмейді дейді.

Еркін Медетов, Шымкент қалалық №1 аурухананың нейрохирургия бөлімінің жетекшісі: «Ауырсынудың соншалықты қатты болғаны – олар беттерін жуа алмайды, үйінде отырғанда беттерін орап отырады. Себебі кішкене самалдың өзі беттің ауырсынуын күшейтіп жібереді. Ауырсыну ұстама түрінде күндіз де түнде де бола береді. Мұндай ауырсыну кезінде адамның жүйке жүйесі тозғаны соншалықты олар өмір сүргісі келмейтін жағдайға дейін барады. Айта кететіні Шымкент қаласында көп науқастар бұл ауруды ота жүзінде емеделуді білмейді. Операция жасағаннан кейін 95 пайызда ауырсыну басылады».

Көп жағдайда аталған ауру тістің мазалауынан басталатын көрінеді. Сәйкесінше адамдар тіс дәрігеріне, ал асқынған жағдайда невропатолог дәрігердің көмегіне жүгінеді екен.

Еркін Медетов, Шымкент қалалық №1 аурухананың нейрохирургия бөлімінің жетекшісі: «Қатты ауырсынудан басталмайды. Бір тісі ауырады, стоматологқа барады, ал дәрігерлер емдейді, болмаса тісін жұлады. Көп ждағдайда тіс деп ойлайды бірақ тіс емес».

Аталған ауру түрі тамыр мен жүйке арасындағы қайшылықтан тауындайды екен. Ал ота оларды бір-бірінен алшақтатып, ортасына қорғаныш төсемін қою үшін қажет. Сәтті шыққан операцияның нәтижесінде 95 пайыз жағдайда ауырсыну жойылатын көрінеді. Айта кетейік, айтулы ота науқастарға квота арқылы тегін жасалады.

Гүлдана Дәурен