2021 жылдың 31-желтоқсаны. Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығы. Сағат түнгі 23:55. Жедел басқару орталығында бейнебақылау инспекторы полиция капитаны Сұлтанбек Серікбай, осымен екінші жыл қатарынан Жаңа жыл түні кезекшілікке түсті. Кенет телефон қоңырауы соғылды. Арғы бетте 2 ұл, 2 қызы, аяулы жары Жаңа жылмен құттықтай бастады. «Әкешім, Жаңа жылыңызбен! Біз сізбен мақтанамыз, аман болыңыз!» деген әдемі, жүрекке жылы тиетін ізгі тілектерін білдірді.
Өз кезегінде полицей Сұлтанбекте отбасын кіріп келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, өз ризашылығын жеткізді.
Осы сәтте «102» қосымшасынан қоңырау келіп түсті. Бір жағдай болып қалды ма екен, көмек керек болар деп жүгіре барған полицейді ерекше тосынсый күтіп тұрды. Бұл жолы облыс тұрғындары мәселе бойынша емес, мерекемен құттықтау мақсатында хабарласқан еді. Онда: «Сәлеметсіздер ме? Сіздерді мейрам күні де жұмыста отырады ғой деп хабарласып тұрмыз. Түркістандық полицейлерге ризамыз! Жаңа жылдарыңызбен!»-деген бір топ жас қыз-жігіттер ыстық ықыласын білдірді.
Ішкі істер саласында 6 жылдан бері қызмет етіп, мұндай құттықтау алмаған полицей Сұлтанбек те ерекше күй кешіп, рақметін жеткізді. Осылайша бұл жылғы Жаңа жыл ғажайыпқа толы болды!