«Жарты жылда 8 млн. қазақстандық қайта екпе алуы керек»

68

Елордада Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған басты мәселелердің бірі – елдегі эпидахуал. Бүгінгі таңда елімізде Түркістан облысынан басқа барлық өңірлер қызыл аймаққа енді. Ал жыл басынан бері індетті жұқтыру деңгейі еселеп өскен. Сондай-ақ, отырыста үкімет басшысы елдегі баға мәселесіне де тоқталып өтті. Сөзінше, қазіргі уақытта баға толық бақылауда.

Алдағы жарты жылда 8 млн. қазақстандық қайта вакцина салғызуы қажет. Осылай деген ДСМ соңғы айда елдегі ковидпен ауырғандар саны 19,6 есеге артқанын айтты. Бүгінгі таңда Қазақстанның Түркістан облысынан басқа өңірлері толық «қызыл» аймаққа енді. Осы орайда, үкімет басшысы ДСМ мен әкімдіктерге ауруханаларда қосымша орындар дайындауды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «ПТР-тестілеу деңгейі төмен өңірлерде олардың санын ұлғайту қажет. Әсіресе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында тестілеу аз жасалады. Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ. Демек, бұл мәселеге әкімдер дұрыс қарамай отыр. Сондықтан аталған өңірлер бұл жұмысты тездету керек».

Елімізде ковидтік стационарларда ем алатын пациенттердің саны 2,2 есеге, амбулаториялық ем қабылдап жатқан науқастар саны 5 есеге артқан. Дегенмен, еліміздің бас дәрігерінің айтуынша, республика көлемінде ауру көбейгенімен, соңғы айда өлім-жітім саны 2,3 есеге төмендеген.

ДСМ алдағы уақытта учаскелік дәрігерлерге ковид-19-бен ауырған науқастарды үйде емдегені үшін 3 айлық жалақы көлемінде үстемақы төленетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол елде дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ екенін атап өтті.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында 60 мың пациент үшін дәрілік заттың 38 атауы бойынша 2 айлық толықтырылатын қор бар. Медициналық ұйымдарда 7 млрд. теңгеге дәрілік заттың 91 атауы бойынша 1 айлық қор қамтамасыз етілді. Амбулаториялық деңгейде коронавирус инфекциясымен ауыратын пациенттер 5 дәрілік препаратпен қамтамасыз етіледі, 500 мың пациентті емдеу үшін препараттар қарастырылған. Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында бөлшек сауда желісінің интервенциясы үшін қажет болған жағдайда жалпы сомасы 1,8 млрд. теңгеге 26 дәрілік зат бойынша 2 айлық қор жасалған. Өңірлерде аса қажет болған жағдайда дәріханалар арқылы өткізу үшін 10 млн маска (оның ішінде балаларға арналған 500 мың маска) сатып алынған. 200 мың жеке қорғаныш құралының, 10 млн бір рет қолданылатын қолғаптың қоры құрылды».

Сонымен қатар, жиында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы да айтылды. Бүгінгі отырыста үкімет, мемлекет басшысының халықтың табысын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі жоспардың жобасын бекітті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдарының салықтық және кедендік тексерулері, сондай-ақ камералдық бақылау бойынша хабарламаларды беру уақытша тоқтатылады. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланған. «Біз үшін ең басты мақсат – ол халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама, бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыс тиімділігі дәл осы көрсеткіш».

Ал халық үкіметтің уәжі тек сөз жүзінде ғана қалмай, нақты іске көшкенін қалайды.

Осы тұста, Әлихан Смайылов мемлекеттік орган басшылары мен әкімдерге әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мәселесі бойынша жедел-іс қимыл жоспарына сай әрекет етіп, іс-шараларды жүзеге асыруды бақылауға алуды тапсырды.

Гүлдана Дәурен